Ресейде сайлаудағы дауыстар есептеліп жатыр

Ресейде сайлаудағы дауыстар есептеліп жатыр

Ресейде сайлау хаттамаларының 98 проценті есептелгеннен кейінгі нәтижелер жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл елде үш күнге жалғасқан Мемлекеттік Думаға сайлау өтті. Оған бес проценттен артық дауыс жинаған 5 партия өтеді.

Сайлаушылардың 49,82%-і дауыс берген Единая Россия партиясы көш бастап келеді. Екінші орында 19,00% дауыс жинаған коммунисттер, үшінші орында 7,49% иеленген ЛДПР тұр. Бес проценттік межені «Справедливая Россия — За правду» мен «Новые люди» партиялары өтті. Сайлауды 83 елден келген 383 халықаралық байқаушы бақылады. ТМД парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушыларының үйлестірушісі, Қазақстан Сенатының вице-спикері Асқар Шәкіров цифрлық жаңғырту аясында электронды сайлау жүйесі қызғушылық туғызғанын айтады. Ол Ресейдегі саяси партиялардың жетекшілерімен бірқатар кездесу өткізді.

Асқар Шәкіров, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары:

– Коронавирус пандемиясы ертең аяқталмайтыны белгілі. Екінішіден, осы сайлаудағы жаңалықтар цифрландырудың дамуымен байланысты. Сайлау учаскелерінің дені қажетті құрал-сайманмен жабдықталған, бұл жағынан бәрі мінсіз. Мемлекеттік Думада Ресейдің барлық жетекші партияларының жетекшілерімен кездестік, оның барысында сайлауды ұйымдастыру жөнінде де пікірлерін естідік. Кейде бір-біріне қарама-қарсы көзқарас болды. Бұл осы сайлауда плюрализм мен саяси бәсеке бар екенін көрсетіп отыр.

Айта кетейік, бүгін телефон арқылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді Мемлекеттік Дума Федералды Жиналысының VIII шақырылымына сайлау науқанының сәтті өтуімен құттықтады. Сайлау нәтижесі Ресейдің ішкі саяси тұрақтылығын нығайту үшін аса маңызды деп есептейді Қазақстан Президенті.