Қауіпті көмір өндірісі үшін Польшаға айыппұл салынды

Қауіпті көмір өндірісі үшін Польшаға айыппұл салынды

Күніне 500 миллион еуро. Еуроодақ экологияға қауіпті көмір өндірісі үшін Польшаға осындай айыппұл салды. Шағымды көрші Чехия түсірген. Бұл кеніш осы елдің шекарасына жақын орналасқан. Ресми Прага мен Варшава осы дауды бірнеше жыл бойы шеше алмай келеді. Еуроодақтың үкімі де жанжалды реттейтін түрі жоқ. Шахтаны жапқысы келмейтін Польша бұл үкімнің күшін жою үшін арызданбақ.

«Туров» шахтасынан көтерілген қою түтін Чехия жағынан айқын көрініп тұр. Ұзақ жылдар бойы ел билігі Польшаға осы мәселені шешу жолдарын ұсынып келген. Алайда кеніш орыны елдің біраз аймағын жылумен және көптеген адамды жұмыспен қамтитын маңызды кәсіпорын екенін алға тартқан Варшава райынан қайтқан жоқ. Ақыры Чехия Еуроодақ тарихында алғаш рет Еуропалық сотқа шағымданды. Бұған Варшаваның шахтаны кеңейтетіні туралы мәлімдемесі түрткі болған. Брюссельдегі сот кеніш Чехия фермерлерін судан айырып, екі ел шекарасындағы аймақтың қоршаған ортасына елеулі зиян келтіріп жүргенімен келісті.

Яромир Гунчиков, Либерец ауданы әкімшілігі басшысының орынбасары /Чехия/:

- Польша тарапы бізді де, Еуроодақтағы әріптестерімізге де құлақ асқысы келмейді. Шекаралық Либерец өлкесі осы шахтадан ең көп зардап тартып отыр. Ауыз су көздерінің көбі көмір шаңымен ластанған. Оған қоса шахтадағы жұмыстан топырақ бүліне бастағаны белгілі. Ал Варшава көмір өндіру концессиясын 2044 жылға дейін ұзартуды көздейді.

Польша үкіметі Еуроодақ шешімін нағыз қарақшылық деп атады. Сондай-ақ Чехиямен өткізген келіссөзді бұзды дейді. Варшава бұл үкім бойынша бірде бір тиын төлемейтінін мәлімдеді.

Петр Кубыш, Туров көмір шахтасының аға инженері /Польша/:

- Бұл айыппұл ешбір айғақтармен негізделген жоқ. Шахта барлық ережелерді сақтап жұмыс істеп жатыр. Чехия тарапы бар егжей-тегжейін біледі. Былтыр олар осында келген болатын. Сотқа шағымдануын асығыс іс деп санаймыз. Өйткені арамызда келіссөз өтіп, іскер адамдар ретінде келісе алатын едік. Ал қазір Чехия тарапының бұл қимылы негізсіз долдануға ұқсас.

Томас Вишневский,  табиғат қорғаушы қоғамдық ұйымның басшысы /Польша/:

- Осы жанжал үшін әр поляк ақша төлейді. Атап айтқанда, үкіметтің икемсіз келіссөздері үшін. Өйткені билігіміз қанша батырсынса да айыппұлды төлеу керек. Ал бұл біздің салығымыз. Дау қалай өрбісе де бәрібір Польша шығынға батады. 

Брюссель 2022 жылдың көктемінде осы дауға қайта оралуға ниетті. Егер сол кезге дейін ресми Варшава сот үкімін орындауды бастамаса, шахта орналасқан Згожелец өлкесі еуропалық гранттар мен субсидиялардан айырылады. Сондай-ақ бұл іске Германия да араласуы мүмкін. Немістер Туров шахтасын Еуропадағы ең лас кеніш деп атап, өз экологиясына қатер төндіріп тұрғанын мәлімдеді. Польша тарапы Чехия мен Германияда қоршаған ортаға тап осындай зиян келтіріп жүрген 9 шахта жұмыс істейтінін алға тартты. Ал Туров кенішінің жабылуы 4 миллиард доллар көлемінде шығын келтіріп, өңірде экономикалық дағдарыс пен жұмыссыздыққа әкеледі екен.

Алексей Лаптенок, Петр Йобчик, Григорий Ганецкий