Ресейліктердің банкке кешіктірілген қарызы бір триллион рубльден асып кетті

Ресейліктердің банкке кешіктірілген қарызы бір триллион рубльден асып кетті

Ресейліктердің банк алдындағы кешіктірілген қарызы бір триллион рубльден асып кетті. Жыл басынан бері мерзімі өткен берешек көлемі 8 процентке артқан. Енді Орталық банк берілетін несие санын шектеуге тырысып жатыр. Алайда әзірге ұйымның мұндай өкілеттігі жоқ.

Мерзімі кешіктірілген несие сомасы бір триллион рубльден асып кеткенімен проблемалық қарыздардың өсімі былтырмен салыстырғанда төмен болып отыр. Алайда сарапшылар «қуанатын түгі де жоқ» дейді. Өйткені жұрт бар несиелерін жабу үшін жаңасын алып жатқан көрінеді. Орталық банктің мәліметі бойынша әрбір үшінші несие ай сайынғы табысының 80 проценттен астамын несие төлеуге жұмсайтын тұрғындарға беріледі екен.

Ксения Савчина, Ресей Халықтар достығы университеті экономика факультетінің доценті:

- Қарыз жүктемесі, сондай-ақ мерзімі кешіктірілген несие көлемі де артып барады. Ресей тұрғындары айлық табысының 60 процентін несие төлеу үшін жұмсайды. Сондықтан бізде қайтадан дағдарыс туындауы мүмкін деген қауіп жоғары.

Ресейде тамызда тұтынушылық несиенің орташа көлемі 268 мың рубльге тең болған. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда төрттен бірге көп.

Василий Колташов, экономист:

- Пандемия қарапайым халық үшін де, кәсіпорындар үшін де оңайға соқпады. Олар қарыздарын жабу үшін жаңа несие алуға мәжбүр. Алайда сол жаңа несиені жабатын ақша таппай, жағдай одан бетер ушығуы мүмкін.

Экономистер жағдай одан әрі қиындап кетпеу үшін шағын несиелік ұйымдардың жұмысын қадағалап, проценттік мөлшерлеме бойынша шектеулер енгізу керек дейді. Ал Орталық банк бір уақытта алынған несиелер санын азайтуға уәде етіп отыр. Алайда әзірге ұйымның мұндай шектеу қоятындай өкілеттігі жоқ. Десе де, Мемлекеттік думаның қарауына Орталық банктың мүмкіндіктерін арттыру туралы заң жобасы енгізілді.

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров