Парламент сайлауы: Германияда билік басына кім келеді?

Парламент сайлауы: Германияда билік басына кім келеді?

Германияда парламент сайлауы өтіп жатыр.

Саяси додаға 47 партия түсті. Бундестагқа кімдердің өтетіне байланысты мемлекеттің алдағы 4 жылдағы даму бағыты анықталмақ. Парламентке 5 проценттік межені еңсерген партия ғана өтеді. Елде 60 миллион адамның дауыс беру құқығы бар. Сарапшылар сайлаушылардың белсенділігі жоғары болады деп болжап отыр. Себебі дауыс беру нәтижесіне қарай Германияның жаңа канцлері белгілі болады. Заң бойынша мұнда Үкімет басшысын депутаттар сайлайды.

Еске салайық, Меркель мемлекет тізгінін 16 жыл бойы ұстаған. Оның ізбасары ретінде Социал-демкораттардан Олаф Шольц, Жасылдар партиясынан Анналена Бербок және консерваторлардан Армин Лашеттің есімдері жиі аталады.

Петер Матушек, саяси сарапшы:

– Көпшілік канцлер болып Олаф Шольц сайланады деп ойлайды. Бірақ менің оған біршама күмәнім бар. Себебі үкімет басшысының жетекші партия үміткерінен сайлануы міндетті емес. Осы ретте 2017-ші жылы Меркельдің партиясын қолдағандар оның мұрагеріне үміт арта ма жоқ әлде басқа партияны таңдай ма деген мәселе өзекті болып тұр. Барлық сауалға нақты жауапты сайлаудан кейін білеміз.

Ал сауалнамаға қарағанда Социал-демократтар алда келеді. Оларды сайлаушылардың 26 проценті қолдауға дайын. Ал Меркельдің христиан-демократиялық партиясына дауыс берушілердің 22 проценті жақтас көрінеді. Сайлау учаскелері Берлин уақытымен кешкі сағат 18:00-де жабылады. Дауыс беру нәтижесі бүгін түнде немесе ертең таңертең жарияланады.