Берлин марафонына 117 елдің өкілі қатысты

Берлин марафонына 117 елдің өкілі қатысты

Биыл 47-ші рет өткен Берлин марафонына 25 мың желаяқ қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жарыс Германия үшін пандемия басталғалы ұйымдастырылған ең үлкен спорттық іс-шара. Қатысушылардан ПТР-тест нәтижесін немесе вакциналау куәлігін көрсету талап етілді. Осындай қатаң талапқа қарамастан марафонда жүгіру үшін 117 елдің өкілі келген. Жастардан бастап жасамысқа дейін неміс астанасының орталық көшелерімен 42 шақырым 195 метрді жүгіріп өтті. Мәреге бірінші болып 30 жастағы Эфиопия желаяғы Гуйе Адола жетті. Ол әлемдік рекорд орната алмағанмен, 20 мың еуро жүлде алды.

Люсинэйна, Мексика спортшысы:

- Менің алғашқы марафоным Чикагода өткен. Берлинде екінші рет жүгіріп отырмын. Осында арнайы ұшып келдім. Қазақстанда да марафонға қатысқым келеді.

Томас, Германия спортшысы:

- Көңіл-күйім керемет. Көрермендердің де қолдауы ерекше. Ұзақ қашықтыққа жүгіріп, аяғым ауырып тұрса да, сергек жүрмін. Мен кәсіби спортшымын. Мен үшін жүгіру хобби әрі жұмыс.

Анке, Германия спортшысы:

- Марафон тамаша ұйымдастырылған. Еш нәрсеге алаңдамадық. Барлық ережелер қатаң сақталды. Қатысушылардың бәрі ковидке тест тапсырды.