Сингапурдың қақ ортасында қазақтың киіз үйі тігілді

Сингапурдың қақ ортасында қазақтың киіз үйі тігілді. Арал мемлекетте Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған қызғалдақтар көрмесі өтті. Жұрт гүлдерді тамашалап қоймай, қазақтың дәстүрі мен музыкасымен де жақын танысты.

Сингапурдегі эпидахуал әлі де күрделі. Күн сайын коронавирус жұқтырған үш жарым мыңдай науқас анықталып жүр. Сондықтан тек вакцина салдырған адамдарға көрмеге келуге рұқсат етілді. Қызғалдақтар Жаңа Зеландиядан әкелінді. Алайда көбі осы әдемі гүлдің отаны қазақстан екенін біле бермейді.

Феликс Лоу, табиғи саябақтың бас директоры:

– Бұған дейін қызметкерлеріміздің бірі Қазақстанға барып келіп, қызғалдақтар Орталық Азия даласында жабайы гүл ретінде өскенін айтты. Мұны көбі білмейді. Ботаниктердің пікірінше, ол кейін Түркияға әкелініп, 17 ғасырда голландықтар оны көптеп өсіре бастаған.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған көрмеге Сингапур министрі Индрани Раджа да келді. Бұл ел Қазақстанмен қарым-қатынастарын жоғары бағалайды. Еліміз дербестік алардан бірнеше ай бұрын екі мемлекет басшылары арасында жақсы байланыс орнаған болатын. 

Әркен Арыстанов Қазақстанның Сингапурдегі төтенше және өкілетті елшісі:

– Қазақстан мен Сингапур арасындағы қатынастар барлық салада қарқынды дамып келеді. Ал оның бастамасы осыдан 30 жыл бұрын Сингапурдің алғашқы премьер-министрі Ли Куан Юдың Алматыға жасаған тарихи сапары кезінде қаланды. Сонда ол Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті.

Сингапурде алғаш рет қазақтың киіз үйі тігілді. Нұр-Султан шеберлері жасаған қазақ үйді көрмеге ұшақпен жеткізді. Қазақстанның тағы бір рәмізі – Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің көшірмесін «Шығанақтағы бақшалар» атты әлемге әйгілі саябақтың қызметкерлері жасап шығарды. Бұл орын жұрт арасында бірден танымал болды.

Көрме қонақтары ұлттық кілемдерді тамашалап, музыканттардың орындауында қазақ әуендерін тыңдады. 

Көрме қазанның он төртіне дейін жалғасады. Оны елдің 200 мыңдай тұрғыны тамашалайды.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян