Бейрутте наразылық кезіндегі атыстан 6 адам мерт болды

Бейруттен тағы тыныштық кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр Ливан астанасындағы портта болған жарылысқа қатысты тергеудің әділ жүргізілмеуіне қарсылық танытқандар қайта бас көтерді. Наразылық кезінде тұрғындарға әлдекімдер оқ атып, 6 адам мерт болды.

Бейрут көшелерін әскери патрульдер күзетіп тұр. Ливан әскери жасақтары бронды техникамен аймақта халыққа оқ атқандарға қарсы арнайы операция бастады. Әскерилерге қолында қаруы бар кез келген күдіктіні атуға рұқсат берілді. Ел президенті Мишель Аун кінәлілердің барлығы заң жүзінде қатаң жазаланатынын мәлімдеді.

Мишель Аун, Ливан президенті:

– Оқиғаның мән-жайын анықтап, тергеу жүргізу үшін тиісті органдармен байланыс орнатылды. Мұндай жағдай қайталанбайтынына сенімді болуым керек. Үкіметтің қарулы күштері елде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өз міндеттерін атқаруда. Ешкімнің басынуына жол бермейміз. Жүргізілетін тергеуді өзім қадағалаймын. Кінәлі адамдар қатаң жауапқа тартылатын болады.

Кеше Әділет сарайының алдына ереуілге шыққан халық былтыр кемежайда болған жарылысты тергеумен айналысатын комиссия басшысын қызметінен алып тастауды талап еткен. Наразылық акциясы кезінде бәзбіреулер ереуілшілерге оқ жаудырған. Осыдан кейін әскерилер қаскөйлер жасырынған ғимаратта жарылыс жасаған. Салдарынан 6 адам мерт болды. Жарақат алғандардың саны сағат сайын артып барады. 

Тергеу ісінің жүргізілуіне кедергі жасайтындар көп. Сот өкіліне саясаткерлер мен айыпталушылар қоқан-лоққы көрсетіп жатыр.

Наразылардың арасында «Харакет Амаль» және «Хезболла» атаулы шиит партияларын жақтаушылар көп. Жергілікті билік шабуыл алдын ала ұйымдастырылғанын айтады. Көпшілікке ғимараттың шатырынан жарылғыштар атылған.

БЛИЦ:

– Үзіліс кезінде балалар далада ойнап жүрген еді. Атыс басталғанда дереу ішке кіргіздік. Зәреміз кетті. Балаларды тыныштандыра алмай әлек болдық. Абырой болғанда аман- есен ата-аналарына тапсырдық.

– Жарақат алғандар көп. Мерт болғандардың оқ дәл бастарына немесе жүректеріне тиген. Әлі де ауруханаға жеткізіліп жатқандар бар.

Бүгін Ливанда аза тұту күні деп жарияланды. БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш аймақтағы атыс-шабысты дереу тоқтатып, былтыр Бейрут портында болған жарылысты әділ тергеуге шақырып отыр. Ливан әскері кейінірек оқ атқан 9 күдіктінің қолға түскенін хабарлады.