Үндістанда елді мекендер су астында қалды: қаза тапқандар бар

Үндістанның оңтүстігіндегі Керала штатында нөсер соңы тасқынға ұласып, 15 адам ажал құшты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңбырдан кейін аймақтағы Пампа өзені де тасып, тұтас елді мекендерді су басты. Табиғи апаттан үйлер, дүкендер, алқаптарға зақым келді. Тұрғындарды құтқару, көшіру ісіне сарбаздар мен әскери теңізшілер де тартылды. Жыл сайын осы уақытта жауатын жауын-шашыннан жергілікті халықтың 60 проценттен астамы зардап шегеді. Еске салайық, осы Керала штатында 2018 жылы алапат тасқын болып, 400-ге жуық адам көз жұмған.