2040 жылы Африкадағы мұздықтар еріп кетуі мүмкін

Соңғы жылдары жаһандық жылыну жөнінде жиі айтылады. Бұл үрдіс, әсіресе, Африкада анық байқалып отыр. 2040 жылы мұндағы мұздықтардың барлығы жойылып кетуі мүмкін. Бұл – дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның болжамы. Климаттың өзгергенін ресейлік мамандар да растады. Оны соңғы кезде жиілеп кеткен орман өрті мен су тасқыны сияқты табиғат апаттарынан байқауға болатынын айтады.

Африкада 3 тау массиві бар. Олар Килиманджаро, Кения мен Рувензориде орналасқан. Жаһандық жылыну салдарынан олардағы мұздықтардың тез еруі  байқалып отыр. Бұл құрлықтағы азық-түлік тапшылығы мәселесін одан әрі ушықтыратыны түсінікті. Сөйтіп 2030 жылға қарай 118 миллион адам құрғақшылық пен аптап ыстықтың зардабын тартуы әбден мүмкін. Мамандар былтыр осы климаттың өзгеруі салдарынан мұнда ауа температурасы мен теңіз деңгейі артып, су тасқыны, лай көшкіні мен қуаңшылық секілді табиғат апаттары жиілей түскенін айтады. Соның кесірінен жердің құнарлылығы азайып, Африкада тұратын 1 миллиард 200 миллион адамның 700 миллионы, яғни жартысынан астамы басқа жерге бас сауғалауы мүмкін деген болжам бар. Соның салдарынан қазір онсыз да өршіп тұрған мигранттар мәселесі одан бетер ушығып кетері сөзсіз. Былтыр әлемде тіркелген босқындардың 12 проценті - қара құрлықтың азаматтары.         

Жан-Поль Адам, БҰҰ экономикалық комиссиясы бөлімшесінің директоры:

– Әлем халқының 17 проценті Африкада тұрады. Басқа өңірлерге қарағанда, мұнда жаһандық жылыну тез жүріп жатыр. Бірақ өзге аймақтармен салыстырғанда, құрлықтың климаттың өзгеруі салдарына бейімделу қабілеті төмен. Сондықтан бұл мәселе шұғыл әрекет етуді қажет етеді.

РЕСЕЙДЕ ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУ 2,5 ЕСЕ ТЕЗ ЖҮРІП ЖАТЫР 

Жаһандық жылынудың әсері Ресейде де байқалып отыр. Көрші ел аумағының үштен екісін мәңгі тоң (вечная мерзлота) басып жатыр. Мұнда 15 миллион адам тұрады. Пайдалы қазбалардың 45 проценті осында өндіріледі. Сонымен қоса мұнда мұнай мен газ тартатын стансалар мен құбырлар өте көп.

Алайда Ресейде басқа елдермен салыстырғанда жаһандық жылыну 2 жарым есе тез жүріп, мәңгі тоң еріп жатыр. Салдарынан тұрғындардың үйлері іргетасымен бірге құлаған оқиғалар жиілеген. Ал мұнай мен газ тартатын құбырлар мен стансасалар алдағы уақытта жарамсыз болып қалуы мүмкін. Пайдалы қазбалардың өндірілуінің қиындауы мен инфрақұрылымның бүлінуінен бөлек қоздырғыштары мыңдаған жылдар бойы мұз астында жатқан түрлі аурулардың да өршуі ықтимал деген күдік бар. Жалпы, көрші елде жаһандық жылынудың тез жүріп жатқанын кейінгі уақытта жиілеп кеткен орман өрттерінен-ақ байқауға болады дейді сарапшылар. Мамандардың есептеуінше, жағдай өзгермесе, 2050 жылға таман шығын 5-7 триллион рубльге дейін жетуі мүмкін. Бұл теңгеге шаққанда, 30-35 триллион шамасында.

Алексей Маслаков, ғылыми қызметкер:

– Ресей Арктикасы 20 ғасырдың 60-70 жылдары белсенді түрде игеріле бастаған. Бірақ ол кездегі нормалар мен ережелер қоршаған ортаның өзгеру факторларын ескермеген. Ғалымдар мәңгі тоң температурасы өзгермей тұрақты боп қалады деп есептеген. Алайда ондаған жылдан кейін ғана олай емес екеніне көзіміз жетіп отыр.