Сырдария неге тартылып барады?

Орталық Азиядағы әлеуетті өзен саналатын Сырдария биыл 2 миллиард текше метрге сарқылды. Бұл жағдай үш бірдей мемлекет: Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстанды алаңдатып отыр.

Дерек көздерінде Сырдың суы Қырғызстандағы Нарын мен Өзбекстандағы Тянь-Шань тауларынан ағатын Қарадария, Шыршық және тағы бірнеше шағын өзендерден бастау алады делінген. Негізгі су қоры қырғыз еліндегі Тоқтоғұл қоймасынан. Жағалай Қазақстан аумағындағы Шардара қоймасы мен Көксарай су реттегіші арқылы реттеліп отырады. Сөйтіп, 2 мың шақырымнан астам қашықтағы Арал теңізіне барып құяды.  Қырғызстан халқы Нарын өзенінің суын Тоқтоғұл су қоймасына жинайды. Сөйтіп, ол қойманы энергетикалық мақсатта қолданады. Өзбек халқы да өзен суын жыл он екі ай ауыл шаруашылығына қолданады. Сол себепті, судың тапшылығы Сыр өзенінің төменгі сағасындағы жұртқа оңайға соқпайтыны анық. Суы тартылған Аралдың жайы да жаһан назарында. Сырдариямен қатар аққан Әмурдарияның суы сарқылып, құмға сіңген судай жоғалғанын білеміз.Оның соңы үлкен экологиялық апатқа ұласқан-ды.  

Сырдария тартылып барады. Сырдың бойын жағалай қоныстанған халықтың көңілі алаң. Тіпті трансшекаралық өзен мәселесін реттейтін мемлекетаралық комиссияда келісілген міндеттер орындалмай, салдарынан дария ағысы бөлініп, ендігі Арал бассейніне бір тамшы су да жетпейді деген дерек тарады. Бұл қаншалықты рас? Сырдарияның жайына үш бірдей мемлекет жауапты. Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін бұған дейінгі келісімдер өз күшінде ме? Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан қандай амалға көшуі тиіс? Қырғыз еліндегі мамандар не дейді? Көкейдегі көп сұрақты жауапты мамандарға қойған едік.

Тоқтоғұл су қоймасындағы су көлемі биыл 5 млрд текше метрге ортайды. Бұған құрғақшылық маусымы себеп. Мамандар «мұндай құрғақшылық араға 5-10 жыл салып қайталанып тұрады» дейді. Қуаңшылықтың шарықтау шегі соңғы екі жылда қатты байқалды. Көктемде Тоқтоғұл қоймасындағы судың көлемі 9 миллиард текше метрге жетер-жетпес деңгейде болған. Қалыпты жағдайда 15 миллиардты құрайтын еді. Салдарынан қазір қырғыз елі электр энергиясын өндіруде қиындыққа тап болды. Қазір қоймадағы су 12 млрд текше метр көлемінде. Келесі көктемге дейін тіршілік нәрінің жеткілікті қорын жинау үшін Қырғызстан президенті өз халқын электр тоғын үнемдеуге шақырып отыр. 

Садыр Жапаров, Қырғызстан Республикасының Президенті:

- Біз бұл суды суармалы мақсатта пайдаланбаймыз. Оны көршілес Өзбекстан мен Қазақстан қолданады.  Біз судың 90% электр энергиясын өндіруге пайдаланамыз. Егер біз тек өз мүддемізді ойлап, электр қуатын өндіруге жарата берсек, Тоқтоғұлдағы су бізге қыс бойына жетеді. Бірақ бұдан соң көктем мен қысқа дейін қажет су қорын жинау үшін су қоймасын жабуымызға тура келеді. Олай етсек, көршілес елдер мүлде сусыз қалайын деп отыр.

Рас, сәуір мен қыркүйек аралығында Қазақстан 4 миллиард текше\метр су қабылдауы тиіс еді. Алайда аграрлы Сыр өңірі соның жартысын ғана алды. Шардара қоймасынан Сырдарияға жіберілетін су көлемі де 30 текше\метрге дейін азайды. Салдарынан арна деңгейі күрт төмендеп кеткен. Түптен келгенде Арал-Сырдария бассейнінде су деңгейінің төмендеу циклы 2019 жылдан бері айқын сезіле бастаған еді. Мұны мамандар өзен бастауындағы су қоймаларында тіршілік нәрі аз жиналуымен түсіндіреді.

Сейілбек Нұрымбетов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы РММ басшысы: 

- Шардара су қоймасында былтыр 928 млн текше болса, биыл 776. Ар жағынан келетін су 200-250 текше/метр су келсе, қазір 120. Бәрі бір-бірімен жалғасып тұрған жүйе. Қайраққұмда да аз. Ең үлкен 19 млрд текше су кететін Тоқтоғұл су қоймасында былтыр 15, биыл 12, алдыңғы жылы 17 болған. Шынын айту керек, көршілер өздерінің қажеттілігін бірінші қамтамасыз етеді. Соңына келген кезде біз қиналып, осындай жағдай болып отыр.

Расул Үмбетәлиев, Энергетика мәселесі жөніндегі сарапшы:

- Қырғызстан Нарын өзенінің тек 1 процентін ғана суармалы жұмыстарға, ауыз су және санитарлық нормаларды орындау үшін қолданып отыр.  Ал біздегі ГЭС-тердің барлығы тек электр энергиясын өндіруге пайдаланылады. Біздегі су-энергетикалық тәртіп осындай.

Өзбекстан мен Тәжікстандағы егінді суару маусымы қазан айының соңына дейін жалғасады. Маусым аяқталған соң Қазақстандағы Шардара су қоймасына жіберілетін су көлеміне қатысты мемлекетаралық келіссөздер жанданбақ.

Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Сырдария бойынша, жалпы барлық трансшекаралық өзендер бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр. Біз Сырдарияның төменгі бөлігінде тұрмыз. Сондықтан бұл Қазақстанға ғана байланысты мәселе емес. Көршілерімізге де қатысты өзекті түйткіл. Яғни, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстанға да қатысты. Тақауда Тәжікстанда болып, Өзбекстан мен Тәжікстанның су ресурстары министрлерімен кездестім. Алдағы қараша айында бұл мәселе бойынша тағы кездесеміз деп шештік.

Егіннің өсіп өнген маусымында Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан өзара тауар алмасуды нығайту жөнінде келісім-шарт жасаған еді. Екі жылдық келісімге сәйкес, қырғыз елі өзіне қажет электр энергиясын алып, Тоқтоғұл ГЭС-і электрэнергиясын өндірген соң оны Қазақстан мен Өзбекстанға қайтарады. Сонымен бірге егінді суару мезгілінде Тоқтоғұлдағы суды жібереді деп келісілген. Осылайша жазда Тоқтоғұлдан Қазақстанға жіберілген судың көлемі 660 млн, ал Өзбекстанға 275 млн текше метрді құрады. Есесіне Қазақстаннан Қырғызстанға жеткізілген электр энергиясы сағатына 900 млн, ал Өзбекстаннан 750 млн килловатты құрады. Келесі жылы бұл көрсеткіштер тағы ауысуы мүмкін. Бұны Қазақстан мен Өзбекстанға керек судың мөлшері анықтайтын болады. Бұл ретте үш тараптың да қайта келіссөз жүргізетіні айдан анық.

Бақыт Топтаева, Бақыт Чермашев