Берлиннің орталығында қазақтың домбырасы күмбірледі

Берлин қаласының орталығында қазақтың домбырасы күмбірледі. Бранденбург қақпасы алдында өткен ерекше шара қала тұрғындары үшін тосынсый болды.

Санаулы секундта шаһардың ең көрнекі орынында біраз көрермен жиналып қалды. Берлин тұрғындары мен туристерді Қазақ ұлттық өнер университеті студенттерінің шебер ойыны таңқалдырды. Жас артистер Нұрлыбек Манапов пен Райымбек Тариховты Берлинде Абай ескерткішінің ашылу салтанатына шақырған болатын. Өнерпаздарымыз Құрманғазының аты аңызға айналған «Адай» күйі мен халық әндерін орындады. Сондай-ақ күй тартысы өнерін де көрсетті. 

БЛИЦ:

- Бұл керемет әрі өте сүйкімді! Осыған дейін қазақ музыкасын естіген емеспін. Жігіттер әдемі костюмдер кигенін байқадым. Өте ерекше! Біз үшін жаңа дүние. Бәлкім Қазақстанға барармыз. Енді елдеріңіз туралы көбірек білгіміз келеді.

- Әрине музыканы тамсанып тыңдадым. Алайда осындай қойылымды елдеріңізде көру едәуір қызық болар еді. Бірақ Берлин орталығында осындай шара ұйымдастыру - тамаша ой.

- Өзіміз Қазақстаннанбыз, Алматы маңында тұрдық. Германияға көшкелі 20 жыл өтті, бірақ осындайды әлі күнге дейін көрген жоқпыз. Халық әндерін тыңдап, балалық шағымызды еске алғанымызға қатты ризамыз.