Германияда белсенділер Үкіметтен шекарадағы босқындарға көмек көрсетуді талап етті

Германияда белсенділер Үкіметтен шекарадағы босқындарға көмек көрсетуді талап етті

Германияда неміс белсенділері Үкіметтен шекарадағы босқындарға көмек көрсетуді талап етті.

Ашуға бой алдырған халық Берлиндегі Бранденбург қақпасының алдына жиылған. Қазір мыңдаған адам шекарадан өте алмай отыр. Олардың арасында балалар көп. Мигранттар ауыз сусыз, азық-түліксіз, далада түнеп жүр. Ал ресми Берлин әзірге еш мәлімдеме жасаған жоқ. Десе де Мюнхен, Ротенбург пен Бранденбургтың билік өкілдері босқындауды қабылдауға әзір екенін білдірді. Ал Еуропалық саясаткерлер аймақта ушыққан миграциялық дағдарысты санкциялар арқылы тежемек. Қара тізімге Минск қаласына мигранттарды жеткізетін әуе компаниялары да енген.

– Шекарада қалғандардың жағдайын түсінеміз. Ондағы ахуал қиын. Гуманитарлық дағдарыс белең алды. Мұқтаж адамдарға көмектесуді жоспарлап отырмыз. Босқындардың ел аумағына кіруі үшін жергілікті билік дұрыс шешім қабылдайды деп сенеміз.

– Өзім де Пәкістаннан келген босқынмын. Шекарадағы мигранттарға қол ұшын созу керек. Күн болса суып барады. Шекараның ашылғанын талап етеміз. Босқындардың көбі саяси баспана алуға құқылы.