«Вакцина салдырмаған азаматтармен басқаша сөйлесеміз». Грекия шектеуді күшейтті

«Биылғы Рождествоны былтырғыдан жақсы қарсы аламыз. Сондықтан коронавирусқа қарсы екпе салдырмаған азаматтармен басқаша сөйлесеміз». Осылай деген Грекия билігі екпе қабылдаудан бас тартқан тұрғындар үшін шектеу шараларын күшейтті, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Грекияда екпе салдырмаған азаматтар үшін кинотеатр, мұражай мен спорттық залдардың есігі жабық болады. Оларды тіпті ПТР-тесттің теріс нәтижесінің өзімен де кіргізбейді. Иә, шара қатаң. Бірақ билік індетпен күресте басқа амал қалмағанын айтады. Өйткені қазір тәуліктік өсім 8-9 мың шамасында. Бұл 10 миллиондай халқы бар мемлекет үшін үлкен көрсеткіш екені айтпаса да түсінікті.

Кириакос Мицотакис, Грекия премьер-министрі:

– Екпе салдырмағандар үшін шектеу шаралары дүйсенбіден бастап күшейтіледі. Енді олар тамақтану орындарынан басқа қоғамдық орынға кіре алмайды. Сонымен қоса жаңа талап бойынша жасы 60-тан тұрғындар үшін вакциналау сертификатының әсер ету мерзімі 7 айға дейін қысқарады. Бұл мерзім аяқталғаннан кейін оларға үшінші бустерлік дозаны салдыруға бір ай уақыт беріледі. Осындай шаралардың арқасында біз Рожлествоны өткен жылмен салыстырғанда, әлдеқайда жақсы қарсы аламыз.

АВСТРИЯДА БАРЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮШІН МІНДЕТТІ ВАКЦИНАЛАУ ЕНГІЗІЛЕДІ  

Австрия билігі де екпе салдырмағандар үшін қатаң шаралар қабылдаған. Мәселен, олар 15 қарашадан бастап үйден тек сабаққа, жұмысқа, дәрігерге, азық-түлік дүкеніне, дәріханаға не серуендеу үшін ғана шыға алады. Алайда елдегі эпидахуал күн санап нашарлап барады. Сондықтан келесі дүйсенбіден бастап,,,екпе қабылдаған-қабылдамағанына қарамастан, барлық тұрғындар үшін жалпыұлттық локдаун енгізіледі. Негізі Австрия Батыс Еуропа елдерінің ішінде вакциналау бойынша ең нашар нәтижелердің бірін көрсетіп отыр. Сол себепті билік келесі жылдың 1 ақпанынан бастап бүкіл тұрғын үшін міндетті вакцинадау енгізетін болып шешті.     

ГЕРМАНИЯА ЖАҢА ШЕКТЕУЛЕР ДАЙЫНДАЛЫП ЖАТЫР

Көрші Германияда екпе салдырмағандар үшін шектеулер енгізу жағы қарастырылып жатыр. Мәселен, жұмысқа тек коронавируспен ауырып шыққандар, вакцина қабылдағандар не ПТР-тес тапсырғандар жіберілуі мүмкін. Қоғамдық көлікпен қатынауға қатысты дәл осындай ереже енгізу ұсынылды. Тиісті құжатты парламенттің төменгі палатасы мақұлдаған. Енді барлығы Жоғарғы палата депутаттарының шешіміне байланысты. Егер ондағылар жаңа ережелерді мақұлдаса, әр федералдық жердің басшылығы өз бетінше шешім қабылдайды. Яғни шектеу енгізіле ме, жоқ па - бұл 100 мың тұрғынға шаққандағы науқастар санына байланысты болады.

Меніңше шектеу шараларының күшейтілуі дұрыс шешім. Әйтпесе бұл індетті басқаша бақылауға ала алмайтын түріміз бар. Көп адамнан «бізге бәрібір» дегенді жиі естіп жатамын. Сондықтан қатаң шаралардың қабылданғаны дұрыс та шығар.

Вакцина қаншалықты көмектеседі - бұл белгісіз. Бірақ мамандар жан сақтау бөліміне түсу не өлім деректері азаяды дейді. Қалай болғанда да, екпе салдыру өмірімізді, жүріп-тұруымызды әлдеқайда жеңілдететіні айдан анық.

ЕУРОПАДА БІРНЕШЕ ЕЛ ЕКПЕ САЛДЫРМАҒАНДАР ҮШІН ШЕКТЕУДІ КҮШЕЙТТІ

Еуропаның өзге елдері де екпе салдырмағандар үшін шектеу шараларын күшейтіп жатыр. Солардың қатарында Словакия, Чехия бар. Азия елдерінде ДЕ шектеулер қарастырылған. Мәселен, Индонезияда тұрғындардың вакцина салырған-салдырмағанына қарамастан, Рождество мен Жаңа жылда санитарлық талаптар қатаңдатылатын болды.