Жыл сайын жеті млн-ға жуық адам ауаның ластануы салдарынан көз жұмады

Әлем халқының 90 проценттен астамы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен рұқсат етілген межеден асып кеткен аймақта тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Экологияның нашарлауы демікпе, диабет және жүрек ауруларын тудыруы мүмкін. Ғалымдар ол адамдардың күйзеліске ұшырауына себебі болуы ықтимал екенін айтады. IQR платформасы ауасы ең лас қалалардың тізімін құрды. Алғашқы бестікке кіретін шаһардың барлығы Азияда орналасқан.    

Лахор әлемде ауасы ең лас қала деп танылды. Бұл Пәкістанда көлемі бойынша екінші ірі шаһар. Елдің мәдени астанасы саналады. Кезінде Лахор бау-бақшалар қаласы болатын. Алайда қазіргі жағдай өзгеше. Халық саны 10 миллионнан асатын елді мекенде бүгін тыныс алу жолдары ауыратын тұрғын көп. Экологиялық ахуалдың нашаралауы зауыт-фабрикалардың жұмысымен, көліктің көптігімен байланысты. Сондай-ақ фермерлердің де масақ өртеп, егістік алқаптарын келесі маусымға дайындауы да кесірін тигізіп отыр. Сөйтіп қазір мұнда атмосферадағы зиянды заттардың мөлшері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рұқсат етілген жылдық межесінен 39 есе артып кеткен. Ауаның ластану деңгейі 301-ден асса, адамдардың денсаулығы үшін қауіпті саналады. Ал Лахорда қазір бұл көрсеткіш 400-ге жуықтайды.

Муртаза Әли, студент:

- Таңертең университетке әрең жетеміз. Өйткені көзіміз ашып, тыныс алуымыз қиындап кетеді. Билік бұл мәселені бірдеңе қылып шешу керек. Меніңше, ауаның проблемасына дұрыс көңіл бөлінбейді.

Джавид Икбал, дәрігер:

- Ауада зиянды заттардың көбеюі ең алдымен балалар мен қарттар үшін қауіпті. Олар осал топқа жатады. Сондықтан жылдың қазіргі мезгілінде бұл адамдар тысқа шыққанда абай болу керек.

Нью-Делиде ауа сапасы қайтадан нашарлап кетті

Жалпы, ауасы ең лас шаһарлардың бестігіне Пәкістанның 2 қаласы, Моңғолия астанасы Улан-Батор және Үндістанның екі қаласы кіріп отыр. Әсіресе ел астанасы Нью-Делидегі ахуал алаңдатарлық. Фермерлер жаппай масақ өртегесін жыл сайын күзде шаһарда атмосферадағы зиянды заттардың мөлшері күрт артып кетеді. Адамдардың денсаулығы үшін қауіпті меже 301 болса, мұнда ол көрсеткіштің 600-ге жеткен кездері де болып тұрады. Қарашаның басынан бері бұл сан 400-ден төмендемей тұр. Сондықтан өткен аптада мектептер жабылып, құрылыс жұмыстары тоқтатылған. Соның нәтижесінде ауаның сапасы сәл де болса жақсарған екен. Нәтижесінде құрылыс алаңдарының жұмысы қайта жанданды. Дегенмен апта соңына дейін қалаға жүк көліктерінің кіруіне рұқсат жоқ. Сарапшылар мұның бәрі тек уақытша әсер береді дейді.

БЛИЦ:

- Таңертең сыртта жүрсеңіз, тыныс алу өте қиын. Сол үшін балаларыма тысқа шығуға тыйым салдым. Мен таңертең маска киіп кетемін, қайтып келгенімде, бетімді салқын сумен жуып, біраз жеңілдеп қаламын.

- Желтоқсанда балалар емтихан тапсырады. Онсыз да коронавирус кесірінен үлгерімдері нашаралап кетіп еді. Тағы да онлайн оқуға мәжбүрміз. Сонда білімдері не болады?

- Мен бұрын таңертең жүгіргенде, өзімді жақсы сезінетін едім. Енді бәрі керісінше. Маска тағып жүгіремін, алайда оның өзі де көмектеспейді.

Үш мың тұрғынға сыртқа шықпауға кеңес берілді

Испанияның Ла-Пальма аралының тұрғындары да лас ауаның зардабын тартуға мәжбүр. Мұнда қыркүйектің аяғында жанартау оянған еді. Сол уақыттан бері бірнеше рет тұрғындардың эвакуациясы жарияланып, әуежай кідіріспен жұмыс істеп тұр. Екі ай өтсе де, қауіптің беті сейілер емес. Ыстық лава Атлант мұхитына жетіп, ауаға зиянды заттар бөлініп жатыр. Сондықтан маңайдағы 3 мың тұрғынға ескерту жасалды. Мамандар олардан мүмкіндігінше тысқа шықпауын сұрап отыр. Өйткені ауаға бөлінген улы газдар адамдардың денсаулығы үшін қауіпті болуы мүмкін.

Жұлдыз Атагельдиева