АҚШ-та әйгілі Macy’s салтанатты шеруі өтті

АҚШ-та әйгілі Macy’s салтанатты шеруі өтті

Нью-Йорк қаласында дәстүрлі шеру 95 рет өткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салтанатты шеруде «Спанч Боб», «Пикачу», «Бэби Йода» мен «Санта Клаус» сияқты өзге де 15 кейіпкердің алып шарлары таныстырылды. Бұл шара Алғыс айту күні мерекесіне орай ұйымдастырылып, қатысушылар үрленген фигуралармен қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті. Ұйымдастыру жұмыстарына 4 мың 500-ге жуық ерікті тартылып, шеруді тамашалау үшін қала тұрғындары таңғы сағат 4-тен бастап жинала бастады. Музыкалық қойылымдар, әскери шерулер мен шоу бағдарламаларға тәнті болған нью-йорктықтар шеруге қатысуды қалыпты өмірге оралуға теңеді.

Естеріңізге салайық, 1934 жылдан бастау алатын дәстүрлі шараны былтыр пандемия салдарынан алаңға барып тамашалау мүмкін болмады. Ал Алғыс айту күні жыл сайын қарашаның төртінші бейсенбісі аталып өтіледі.

Қала тұрғыны:

–Өкінішке қарай былтырғы шеруді тек теледидар арқылы ғана көрдік. Биыл барлығы қайта қалпына оралды. Керемет емес пе? Адамдардың екпе алу мен қауіпсіздік шараларын сақтауы да маңызды.