ОАР президенті омикронға байланысты жабылған елдерге ренжіп қалды

Коронавирустың жаңа штамы әлем елдеріне жылдам тарап жатыр. Осыған байланысты бірқатар мемлекет сырттан келетін жолаушыларға қатысты шектеуді күшейтті. Мәселен, Израиль, Марокко мен Жапония шетел азаматтарын қабылдауды уақытша тоқтатты. АҚШ билігі қара құрлықтан ағылған жолаушыларды шекарасынан өткізбейтінін мәлімдеді.

Жапония омикрон штамына байланысты ертеңнен бастап, шетелдіктердің елге кіруін шектейді. Үкімет басшысының айтуынша, бұл шара ел ішінде індеттің таралуын тоқтатуға бағытталған. Осы мақсатта тіпті отанына оралып жатқан жапондар үшін де тиісті шара қолға алынған. Африканың 9 елі мен жаңа вирус тіркелген 14 мемлекеттен қайтқан Жапония азаматы енді 10 күндік карантинге жатқызылады. Бұдан бөлек үкімет басшысы бұл шектеу жаңа штамға қатысты мәлімет толықтай анықталмайынша күшінде қалатынын жеткізді. Осыған байланысты ол ел азаматтарын сақ болуға шақырып, барынша қорғанып жүруі керек екенін жеткізді.

Фумио Кисида, Жапония премьер-министрі:

- Омикронға қатысты енгізілген шектеу шаралары өзге елдерге қарағанда біршама қатаң екенін білемін. Бұған сабырлықпен қарауларыңызды сұраймын. Себебі жұмбақ вируспен бетпе-бет келгенде аса сақ болған абзал.

Австралияда шетелдіктердің ел аумағына кіруіне шектеу қойылды

Омикроннан қауіптенген Австралия да қазір шұғыл шара қабылдап жатыр. Өйткені ел аумағында аталған вирусты жұқтыру дерегі тіркелген. Осыған байланысты соңғы 14 күнде Оңтүстік Африка, Намибия, Зимбабве, Лесото, Сейшел аралдары мен Мозамбикте болған шетел азаматтары Австралия аумағына кіре алмайды. Ал аталған 9 мемлекеттің бірінде болған ел азаматтары екі апталық карантинде қалуы тиіс. 

АҚШ ОАР-ға аттануға тыйым салды

АҚШ-тың бас инфекционист дәрігері Энтони Фаучи де омикронға қатысты шектеу шараларын енгізу керек дейді. Айта кетейін, бүгін Құрама Штаттар Оңтүстік Африка мен тағы 7 елге сапарға аттануға тыйым салды. Фаучидің айтуынша, мұндағы мақсат ел азаматтарын мейлінше вакцинамен қамтуға уақыт ұту.

ОАР президенті шекараларын жапқан елдерді сынға алды

Өз кезегінде омикрон ошағы саналатын Оңтүстік Африка Республикасының президенті қара құрлық елдеріне қарсы қабылданып жатқан шектеу шараларын сынға алды. Сирил Рамафосаның айтуынша, әлем елдері оңтүстік африкалық туристердің саяхатына қатысты тыйымды алып тастауы қажет. Бұл еліміздің экономикасына ауыр соққы болып тиюі мүмкін, деді ол.

Сирил Рамафоса, ОАР президенті:

- Туристердің бізге және бауырлас елдерге саяхаттауына тыйым салған әлем елдерін тез арада аталған шектеуден бас тартуға шақырамыз. Өйткені бұл ел экономикасы мен жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейіне қатты әсер етуі мүмкін. Шектеу енгізетіндей әзірге ешқандай ғылыми негіз жоқ.

Италияда омикрон жұқтыру дерегі тіркелді

Өз кезегінде Италия әзірге ел аумағында ешқандай шектеу енгізбейді. Бұл туралы жуырда денсаулық сақтау министрі мәлімдеді. Десе де, ел билігі шекарадағы бақылауды күшейткен. Ресми өкілдері соңғы 2 аптада ұшақпен ел аумағына өткен азаматтарды тексеріп жатыр. Бұған Мозамбиктен оралған бір азаматтан омикронның анықталуы түрткі болды. Ол Рим әуежайына 11 қараша күні келіп түскен. Кейін Неапольдағы үйіне кеткен. Сөйтіп, бүкіл отбасына вирус жұқтырған көрінеді. Қазір олардың бәрі оқшауланған. Қалай болғанда да денсаулық сақтау министірінің айтуынша, жаңа штамның қауіптілігін түсіну үшін ең алдымен оны толық зерттеп шығу қажет.