Нидерландта вирус жұқтырған ерлі-зайыпты оқшаулау орнынан қашып кетті

Нидерландта вирус жұқтырған ерлі-зайыпты оқшаулау орнынан қашып кетті

Оңтүстік Африкадан ұшып келген жұп карантинге жабылған жерден қашып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Каролина Пимента мен Андресс Санса есімді азаматтардың ағзасынан коронавирус анықталғанына қарамастан, Оңтүстік Африкадан келген олар қонақ үйден кетіп қалған.

Каролина Пимента:

– Ұшаққа отырмас бұрын олар менің төлқұжатымды сұрады. Керекті ақпараттың бәрін білді. Мен барынша ашық жауап беруге тырыстым. Бірақ полицейлер өте дөрекі болды. Алдарында қылмыскер тұрғандай сөйлесті.

Тәртіп сақшылары аталған жұпты Схипхол әуежайында қамауға алды. Өйткені олар Испанияға ұшып кетпек болған. Енді бұл азаматтар карантин туралы заңды бұзғаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Қазір олар ауруханада. Бұған дейін Амстердамға Оңтүстік Африкадан келген 13 адамнан коронавирустың жаңа түрі анықталған еді.

ОМИКРОН КЕСІРІНЕН КРУИЗДІК ЛАЙНЕР САЯХАТЫ ТОҚТАП ҚАЛДЫ  

Кейінгі күндері әлемді алаңдатып отырған омикрон штамы круиздік лайнермен саяхатқа шықпақ болған оңтүстікафрикалықтардың да үмітін үзді. Кеше бірнеше айлық үзілістен кейін Кейптаун портына алғашқы лайнер келуі керек-тін. Алайда кеме бортындағы жолаушылардың бәрі жағаға түсіріліп, үйлеріне қайтарылды. Жоспар бойынша аталған лайнер Кейптаунда желтоқсанның екісіне дейін қалып, кейін ары қарай саяхатын жалғастыруы керек еді.