Бельгияда шектеу шаралары соңғы жиырма күнде үшінші рет күшейтілді

Бельгияда шектеу шаралары соңғы жиырма күнде үшінші рет күшейтілді

Бельгияда кейінгі үш аптада коронавирусқа қатысты шектеу шаралары осымен үшінші рет күшейтілді.

Өйткені елдегі эпидахуал нашарлап барады. Еуропа бойынша ауру деңгейі ең жоғары 3 мемлекеттің қатарында осы Бельгия да бар. Десе де, кісі өлімінің көрсеткіштері төмен. Өйткені вакциналау деңгейі жоғары. Мамандар кейінгі уақытта балалар мен жастар арасында вирус жұқтыру оқиғалары көбейгенін айтады. Сондықтан енді жасы 6-дан асқан оқушылар маска тағып жүруге міндеттеледі. Бастауыш мектептер 18 желтоқсаннан бастап рождестволық демалысқа жіберіледі. Ал орта сыныптар жартылай онлайн оқитын болады. Қоғамдық тамақтану орындарында да жаңа ережелер. Енді мұнда бір үстел басында ары кетсе 6 адамға ғана отыруға рұқсат. Жаппай іс-шаралардағы адам саны 200-ден аспауы керек. Қатысушылардың барлығы қауіпсіз қашықтық сақтап, вакциналау төлқұжатын көрсетуі тиіс.

Александр Де Крo, Бельгия премьер-министрі:

- Қазір біз үшін қиын кезеңдердің бірі. Коронавирустың бұл толқыны біз ойлағаннан да ауыр болды. Бельгия вирус жұқтыру көрсеткіштері бойынша Еуропада ең нашар нәтижелердің бірін көрсетіп отыр. Ковид-науқастардың көбеюі  басқа ауруға шалдыққан адамдар қажетті көмек ала алмайды деген сөз. Қазір тек денсаулық сақтау саласына ғана емес, білім беру және қызмет көрсету секторларына да оңайға соқпай отыр.