Грузияда инфляция деңгейі көтерілді

Грузияда инфляция деңгейі көтерілді

Грузияда инфляция күшейді. Бұл пандемия салдарынан болып жатқан құбылыс. Импортқа тәуелді елде өткен жылмен салыстырғанда бензин, коммуналдық қызмет құны және азық-түлік қымбаттады. Тұрғындар сатып алу қабілетінің құлдырап бара жатқанына наразы. Сарапшылардың экономикалық ахуалға байланысты болжамы қандай? 

Пандемия Грузияның барлық экономикалық иммундық жүйесін жойып жатыр. Жылдық инфляция 12,5 процентке жетіп, тауар мен қызмет құны шарықтады. Әсіресе, азық-түліктің қымбаттауы халыққа ауыр тиіп жатыр. Мысалы, өсімдік майы 28, көкөніс 26, ал нан 20 процентке өскен. Ал жалақы еш өзгеріссіз қалып отыр. 

БЛИЦ:

 - Баға тым шарықтап кетті. Бірақ жалақы өсер емес. Мен 500 лари аламын. Күн көру қиындады. 200 лариді коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсаймын. Қалған 300 лариді азық-түлікке әзер жеткіземін.

 - Баға өсіп жатыр. Бұрын 30 лариге алатын тауарды, қазір 100 лариге әзер сатып алуға болады.

Экономистер елде ақшаның құнсыздануы мен бағаның өсуіне бірнеше себеп бар дейді. Біріншісі пандемиядан туған сыртқы нарықтардағы тұрақсыздық. Өндіріс тоқтап, тауар тасымалдау азайған. Екінші себеп: астық шығымы азайып, әлемде азық-түлік бағасы 33 процентке өскен. Сарапшылар әлемдік экономика тұрақталса, жағдай оңалады деп топшылап отыр.  

Ярослава Бабич, Халықаралық экономика мектебінің бас экономисі:

 - Менің ойымша, жылдық инфляция 13 процентке жетеді. Келесі жылдың алғашқы тоқсанында ол біршама саябырлауы мүмкін. Бірақ сын-қатерлер сақталады.

Сарапшылардың пайымдауынша, инфляция жуырда ырыққа көнбейді. Бағаның шарықтауын ауыздықтау да оңайға соқпайды. Себебі Грузия импортқа тәуелді. Ұлттық банк жылдық үш проценттік межеге 2023 жылдың соңына таман қол жеткіземіз деп болжап отыр. Оған монетарлық саясатты қатаңдату, экспортты қолдау және әлемдік экономиканың оңалуы септігін тигізеді деген үміт бар. 

Дәурен Ақашұлы, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили