Бейжің-2022: АҚШ Қысқы Олимпиада ойындарына қатыспайтын болды

АҚШ Бейжіңдегі Қысқы олимпиада ойындарына дипломатиялық бойкот жариялады. Яғни төртжылдықтың басты додасына Американың ресми өкілдері қатыспайды.

Десе де, бұл бойкот америкалық атлеттердің Олимпиадаға қатысуын шектемейді. Олар келер жылдың ақпанында Бейжіңде өнер көрсетеді. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псакидің айтуынша, Вашингтонның мұндай шешім қабылдауына Қытайда адам құқықтарының бұзылуы түрткі болған.

Джен Псаки, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:

– Қытай Халық Республикасы Шыңжаңда жүріп жатқан геноцид пен өзге де адам құқығын бұзу деректерін ескере отырып Байден әкімшілігі дипломатиялық және ресми делегациясын Бейжіңде 2022 жылы өтетін Олимпиада мен Паралимпиадаға жібермейді.

Олимпиада ойындарына дипломатиялық бойкот жариялау туралы АҚШ-та сәуір кезінде айтыла бастады. Мамыр айында осы мәселе бойынша Конгресстің өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси ресми мәлімдеме де жасаған. Жазда АҚШ билігі тіпті Олимпиаданы басқа елге ауыстыру туралы үндеу тастаған еді. АҚШ-тың бұл ұсынысын Канада, Ұлыбритания, Норвегия мен түрлі құқық қорғау ұйымдары қолдады. 

Дипломатиялық бойкот жариялау мәселесін қазір Австралия мен Жапония елдері де қарастырып жатыр. Ал Жаңа Зеландия болса, өз шешімін шығарып, Бейжің олимпиадасына өзінің дипломатиялық өкілдерін жібермейтінін жариялады. Премьер-министрдің орынбасары Грант Робертсон бүгін осылай деді. Оның айтуынша, мұндай шешімге коронавирус себеп болды.

Грант Робертсон, премьер-министрдің орынбасары:

– Министрлер деңгейінде Олимпиада ойындарына қатыспайтынымызды қазан айында айтқан болатынбыз. Мұндай шешім негізінен қауіпсіздік мақсатында қабылданды. Себебі коорнавирус індетіне байланысты сапарға аттанбаған абзал.

Өз кезегінде дипломатиялық бойкотқа пікір білдірген Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі бұл шешімді «саяси манипуляция» деп атады. Қытайдың сыртқы істер министрлігі осы мәселеге қатысты мәлімдеме жасап, жекелеген саясаткерлердің Олимпиада ойындарына қатысу-қатыспауында ешкімнің шаруасы жоқ екенін жеткізді.

Чжао Лицзянь, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

– Төрт жылда бір өтетін Қысқы Олимпиада ойындары әр спортшы үшін зор мүмкіндік. Бейжіңдегі доданың басты қатысушылары саясаткерлер емес, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын атлеттер. Сондықтан олардың келіп-келмеуінде ешкімнің шаруасы жоқ. Бейжің Олимпиадасының сәтті өтуіне ештеңе әсер ете алмайды.

Жалпы, бірқатар елдің Олимпиада ойындарына бойкот жариялап, дүбірлі додадан бас тартқан кездері – тарихта бірнеше рет болған. Оның басты мақсаты – Олимпиаданы қабылдаушы мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатындағы қателіктерге немесе әлемдегі әділетсіздікке қарсылық танытып, жағдайды жақсартуға тырысу.

Тарихты парақтасақ, 1964 жылы Токио Олимпиадасынан Индонезия, Солтүстік Корея және Оңтүстік Африка мемлекеті бас тартты.

1976 жылғы Монреаль Олимпиадасына регбиден Жаңа Зеландия мен Оңтүстік Африка құрамаларының арасындағы есепке көңілі толмаған 26 Африка мемлекеті бойкот жариялады.

1979 жылы Ауғанстанға Кеңес әскерін кіргізгені үшін 80-жылы өткен Мәскеу Олимпиадасына әлемнің 64 мемлекеті қатысқан жоқ.