Египетте тазалықты сақтамаған қонақ үйлер жабылып жатыр

Египетте тазалықты сақтамаған қонақ үйлер жабылып жатыр

Египетте қауіпсіздік тексеруінен соң қонақ үйлер жаппай жабыла бастады, деп хабарлайды Хабар 24.

Басында үкімет сақтық шараларына немқұрайлы қараған қонақ үйлерге тек айыппұл салуды көздеген. Алайда мейманхана желілерінің бірінде туристердің жаппай улануынан кейін қатаң шаралар қабылдап, 10 кешен жабылған. Тағы 100-ден астам қонақ үйге жабылу қауіпі бар. Туризм министрлігі жоба әділ болғанымен, қатал деп отыр.

Үкіметтің қаһарына ұшыраған қонақ үйлердің арасында бірқатар танымал кешендер бар. Қазір олардан қонақтар шығарылып, әсем мейманханаларда қаңыраған бөлемелерді көруге болады. Себебі қонақ үй 10 күн ішінде босатылуы тиіс. Жиһаз бен техника бизнес иесінде қалғанымен жалға алған ғимарат мемлкетке қайтарылуы қажет. Барлық процесс банкротқа ұшыраған мекемеге ұқсайды. Жазаға тартылған кәсіпкерлерге 5 жыл бойы осы кәсіппен айналысуына тыйым салынады.

Шао Шенави, қонақ үйдің бұрынғы директоры:

– Қазір біздің компания шығынын есептеп жатыр. Локдауннан қарызға батып, жаңажылдық демалыс уақытында жағдайды түзерміз деп үміт артып отыр едік. Бірақ шығынға белшемізден баттық. Біздің қонақ үйімізді гигиеналық талаптарды сақталмаған үшін жапты. Тексерушілер азық-түлік сақталатын тоңазтқыштар дұрыс емес және сусынға қосатын мұздар таза емес деген шешім шығарды. Бірақ осы уақытқа дейін қонақ үйімізде ешқандай улану оқиғасы тіркелген емес.

Елде жабылған 10 қонақ үйдің 8-іне құлып дәл осындай тазалық ережелері сақталмағаны үшін ілінген. Оларға бұзылған тағамдарды сақтап, азық-түлікті арнайы орындардан емес, базарлардан сатып алды деген шешім шығарылған . Қалған екі мейманхана індетке қарсы талаптарға немқұрайлы қарағаны үшін жазаға тартылған. Оларда медициналық бөлме мен кезекші дәрігерлер болмай шыққан.

Мостафа Кока, Египет парламентінің қонақ үйлерді бақылау комиссиясының заңгері:

– Біз елдегі барлық қонақ үйлерді тексеріп шықтық. Ревизия қазан айында басталды. Оның барысында тіпті 10 адамға арналған шағын қонақ үйлер де тексерілді. Комиссия әлі 118 қонақ үйге қатысты шешім шығарған жоқ. Қауіпсіздік талаптарын бұзған орындардың барлығы жабылады. Қажет болса, кәсіп иелеріне айыппұл салынып, қылмыстық іс те қозғалуы мүмкін.

Египет үкіметін шұғыл шара қолдануына Хургададағы кешеннің бірінде туристердің жаппай улануы себеп болған. Ол кезде Чехия, Эстония және Ресейден келген 60 саяхатшы мүшкіл халде ауруханаға түскен. Қонақтар сапасыз спирттік ішімдік пен азық-түліктен уланған деген божам бар. Аспазшы қамалып, қонақ үй жабылған.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Дмитрий Лукша, Светлана Брахмит, Мухаммад аль-Хилайви