Израильде 5 жастан асқан балаларды вакциналау қарқыны бәсең

Израильде 5 жастан асқан балаларды вакциналау қарқыны бәсең

Израильде 5 жастан асқан балаларды коронавирусқа қарсы вакциналау бәсең жүріп жатыр. Ал медициналық деректер жеткіншектер арасында ковид жұқтыру жиілеп кеткенін көрсеткен. Тіпті көбісінде дерт ауыр өтеді екен. 

Сарапшылардың пікірінше, Израильде індеттің бесінші толқыны басталып кетті. Ауру жұқтыру индексі соңғы жарты жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Науқастардың жартысынан көбі балалар. Олардың дені екпе салдырмаған. Жеңіл ауырып, кейде тіпті дерт белгілері байқалмаса да вирусты өзге адамдарға жұқтырған.

Шимон Рейф, «Адасса» ауруханасы балалар бөлімінің басшысы:

- Бұл жаңа ауру болғандықтан, оның салдары толық зерттелмеген. Әдетте балаларда коронавирус анықталғаннан кейін бір-екі айдан кейін ауру салдары байқалады. Ауру жеңіл өтуі, тіпті белгілері де байқалмауы мүмкін. Тек тесттердің көмегімен вирус жұқтырғаны анықталады.

Балаларды вакциналау қарқыны әлі төмен. Кейбір ата-ана екпенің жанама әсерінен қорқып, баласына екпе салдырмайды. Ал дәрігерлер ковид жұқтырса, салдары ауыр болуы мүмкін дейді. Одан сақтанудың жалғыз жолы – вакцина. Билік әлеуметтік жарнама арқылы балаларға екпе салу қажет екенін түсіндіру жұмысын бастаған.

- Екі балам бар, оларға ковид қауіпті емес дейді. Сонда неге оларға екпе салуымыз керек?

Цахи Гросман, педиатр:

- Қауіптеніп отырғаныңызды түсініп отырмын. Бірақ өкінішке орай, коронавирус балаларға жұғады, сондықтан оларды қорғау өте маңызды. Арасында ауру жеңіл өтетіндері бар, алайда ковидтен кейінгі синдромдар да бар. Ұзақ ауыратындар да жетіп жатыр. Сондықтан оларды қорғап, вакциналау қажет. 

Израильде жүздеген адам жансақтау бөліміне түсіп, он бірі көз жұмған. Олардың созылмалы аурулары немесе өзге де бір сырқаттары болмаған. Індеттің төртінші толқыны кезінде денсаулық сақтау жүйесіне үлкен ауыртпалық түскен еді. Енді бесінші толқын кезінде эпидахуал одан да ушығуы мүмкін.

Сергей Ауслендер