Лираның құнсыздануынан кейін Түркияда туристер көбейген

Соңғы айда болгар туристері шекарадан өтіп, түрік базарлары мен сауда орталықтарын аралап жүр. Олар азық- түліктен бастап, текстиль өнімдерін, тіпті құрылыс материалдарын сатып алуда, деп хабарлайды Хабар 24.

Осыдан бірер ай бұрын бір болгар левін 5,7 түрік лирасына айырбастауға болатын. Қазіргі баға 8-ге жуықтады.

Дурмус, болгариялық турист:

– Мұнда арзан бағамен сауда жасауға келдім. Алайда бұл жерге ертерек қамдану керек екен. Себебі Болгариядан келгендер көп. Мен күртеше, спорттық аяқ- киім, азық-түлік алсам деймін. Өйткені бағасы бізге қарағанда әлдеқайда арзан.

Дүкен иелерінің айтуынша, тұтынушылардың 90% болгарлар. Бірақ жергілікті тұрғындардың сатып алуы төмендеген.

Кенан, дүкен иесі:

– Бұрын адамдар бір келі азық-түлік сатып алатын еді, қазір жарты келі ғана, ал жарты килограмм алатындар қазір 250 грамм сатып алады. Халықтың сатып алу қабілеті төмендеп жатыр.

Жергілікті басылымдарда жария етілгендей, елдің басқа қалаларындағы тұрғындар азық-түлікті одан әрі қымбаттап кетеді деп қажеттіліктерін артығымен сатып алып жүр. Бұған кейбір өнім бағасының 15-50% артуы себеп. Осыған байланысты кейбір супермаркеттер сатып алушыларға белгілі бір өнімнің бір данасын, әсіресе сүт, күнбағыс майы, ұн, қант және шай сияқты қарапайым өнімдерді сатып алуды шектеп отыр. Ал президент Ердоған бағаны негізсіз көтерген немесе қымбаттауын көздеп, тауарын саудаға шығармай отырғандарға қатаң түрде шара қолданатынын айтты.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

– Кіріс шығындары мен айырбас бағамдарының өсуімен түсіндірілмейтін бағаның өсуіне себеп болушыларды аямаймыз. Өз еліне, ұлтына қарсы осындай ауыр қылмыс жасаған кез келген адам әкімшілік және сот ісі арқылы қатаң жазаланады.

Билік елдегі жағдайды шешуге барынша тырысып жатыр. Санаулы күн бұрын Катардан инвестиция тарту үшін бірқатар келісімдер жасалды. Оған дейін Біріккен Араб Әмірліктерімен де ірі көлемде келісімдерге қол қойылған. Ішкі жағдайда ең төменгі жалақы мөлшерін көтеріп, валюта өсімінен тыс баға көтергендерге қарсы күрес басталды. Президент Ердоған жағдай қысқа уақытта тұрақталады деп, халықты үкіметтің экономикалық жоспарына сенуге шақырды.

Авторы: Меруерт Қанағат