Чехияда коронавирусқа шалдыққан балалар саны артты

Чехияда коронавирусқа шалдыққан балалар саны артты

Чехияда соңғы екі аптада коронавирусқа шалдыққан балалар саны 2 есе артты. Бүгінде ауруханада 174 жеткіншек жатыр, олардың 63-інің жағдайы ауыр. Дәрігерлер оқушылар арасында ковидтің күрт асқынуын неден көрерін білмей отыр. Үкіметтің шешімі бойынша барлық оқу орындарында зарарсыздандыру жасалып, балаларға коронавирус туралы сабақтан тыс дәрістер оқылды.

Чехиядағы мектептерде коронавирустан сақтану туралы қосымша сабаққа ерекше ден қойылды. Мұндай дәріс жазда да өткізілген. Бірақ ол кездегі ақпаратты жеткіншектер жете түсінбеген сияқты. Жақында ғана 2 жастағы сәби ковидтен көз жұмды. Бұл індеттен қайтыс болған алтыншы бала.

Григорий Моравецки, орталық аурухананың педиатрия бөлімінің меңгерушісі:

- Көп жағдайда коронавирус жұқтырған балаларда туабітті аурулары қоса асқынады. Сондықтан олардың сауығып кетуіне мүмкіндік аз. Әлгі 2 жастағы бала індет жұқтырғаннан кейін 3-күні шетінеп кетті. 

Чехиядағы балабақшалар мен мектептерде қатаң тексеру жүріп жатыр. Санитарлық талаптарды сақтамаған 23 оқу орынына айыппұл салынды. Мекемелерде антисептик құтылары бос тұрған. Сыныпта балалар арасында арақашықтық сақталмаған. Тіпті Брно қаласындағы білім ордасында бір партада 2 оқушыдан отырыпты.

Ян Буневич, Прага қаласы білім бөлімі басшысының м.а.:

- Чехияда партаға бір баладан отырсын деген нұсқау коронавирустың бірінші толқыны кезінде енгізілген болатын. Педагогтарға айыппұл салынып, сөгіс берілді. Бетпердесіз жүрген баланың әке-шешесіне әзірге ауызша ескерту жасалып жатыр. Ал масканы талап етпеген 8 мұғалім жазаланды.

Билік мектептерде карантин енгізу туралы құжат дайындап жатыр. Оқушылар арасында науқастар саны көбейсе, ақпанда қашықтан оқу енгізілуі мүмкін.

Ернат Қашқынов, Алексей Лаптенок