Омикрон Бейжің олимпиадасына әсер ете ме

Қытайда омикронды жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелді, деп хабарлайды Хабар 24.

Вирустың жаңа түрі шетелден келген азаматтан анықталған. Жалпы бұл елде коронавирус қайта күш алды. Қазір 1400 адам емделіп жатыр. Тағы 50 мыңнан астамы карантинде. Қытайдан меншікті тілші Ботагөз Сырғабаева тікелей байланысқа шығып, елдегі жағдайды баяндады.

Ботагөз, Қытайда эпидаухалдың нашарлауына байланысты қандай шаралар қабылданып жатыр?

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

– Билік ПТР-тесттер жаңа штамды анықтауға қауқарлы екенін айтады. Қазір зертханалар күніне 30 миллион тексеріс жүргізе алады. ПТР-тапсыру құны да төмендеген. 58-ден 35 юаньге дейін арзандаған. Бұл шамамен 2 жарым мың теңге. Омикрон басқа елден келген азаматтан анықталған. Ереже бойынша сырттан келгендер бірден 3 аптаға карантинге жіберіледі. Порттық қалаларда вирус жұқтыру оқиғалары көп. Сондықтан мұнда шектеу шаралары күшейтіліп жатыр.

У Лянъю, Қытай денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің өкілі:

– 2022 жылдың 15 наурызына дейін шекаралық бақылау-өткізу бекеттері орналасқан қаладан кеткен кез келген адамның қолында ПТР-тесттің теріс нәтижесі болу керек. Оның жарамдылық мерзімі 48 сағаттан аспауы шарт. Ал ондай қалаға бет алған азаматтар келмей тұрып ПТР-тест жасатуы тиіс. Мұндай елді мекендер туристер ағынын шектеуі қажет.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

– Қазір Бейжіңде вирус жұқтырудың жаңа оқиғалары тіркеліп жатқан жоқ. Алайда қала қысқы олимпиада ойындарын қабылдауға дайындалып жатыр. Сондықтан мұнда көп адам жиналатын іс-шаралардың өткізілуі шектелді. Кейбір елді мекендердің билігі тұрғындардан жаңа жыл кезінде басқа өңірге шықпауды сұрап отыр. Бұл мереке 1 ақпанда басталады.  

У Лянъю, Қытай денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің өкілі:

– Біз коронавируспен күрес шараларын күшейтіп, мүмкіндіктерімізді жетілдіріп жатырмыз. Мысалы, індетті неғұрлым ерте анықтауға тырысамыз. Ережені бұзғандар жауапкершілікке тартылады. Вирусты жұқтырудың алғашқы оқиғасы анықтала салысымен дәл сол күні індеттің ары қарай таралуына жол бермеудің барлық шаралары қолға алынады.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

– Вирустың тарауын шектеу үшін билік халықты вакциналау қарқынын арттырды. Қазір елде екпенің екі дозасын 1 миллиард 150 миллион адам салдырған. Бұл халықтың 82 проценті. Ал ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін тағы бір процент керек. Бұл жағдайда иммунитет жыл соңында пайда болуы тиіс.