Чехияда 5 жастан асқан балаларды вакциналауға тіркеу басталды

Чехияда 5 жастан асқан балаларды вакциналауға тіркеу басталды

Осыған дейін екпені тек жасөспірімдерге салатын. Науқанның алғашқы күні мыңдаған баланың ата-анасы вакцина алуға ниет білдірді. Кейбір қалаларда тіпті медициналық орталықтардың жұмыс мерзімі ұзартылды. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл вакциналау науқанының ақтық кезеңі болмақ. Балаларға екпе салынғаннан кейін вакциналанған халықтың үлесі 91 процентке жетеді. 

Балаларды вакциналау қажеттігі жөнінде әңгіме былтырдан бері жүріп жатыр. Биыл жазда 12 жастан асқан жеткіншектерге екпе салуға рұқсат етілді. Алайда одан жасы кіші бірнеше бала ковид дертінен көз жұмғаннан кейін 5 жастан асқан балаларды вакциналау шешімі қабылданды. Бірінші күнінен бастап екпе салу орталықтары мен клиникалар толып кетті. Медиктер де бұған алдын ала дайындалды. Көптеген ауруханаларда қосымша бөлімдер ашылып, тіпті Прага клиникасында аниматорлар кезекте тұрған балалардың көңілін  көтеріп жүрді. 

Томаш Салей, Прага вакциналау орталығының директоры:

- Үгіт науқанын жүргізбей, халықты балаларын вакциналауға міндеттеген жоқпыз. Соның өзінде Прагада бірінші күні 10 мыңдай адам тіркелді. Болжауымызша аптаның соңында саны 50 мыңға жетеді. Осыдан кейін тізім жасалып, желтоқсанның жиырмаларында балаларға екпе сала бастаймыз. 

Балаларға Пфайзер препараты егілетін болды. Қараша айында Еуроодақтың дәрі-дәрмек агенттігі осы вакцинаны таңдаған болатын. Балаларға егілетін препараттың мөлшері шамамен үш есе аз. Нақты көлемін баланың салмағы мен денсаулығына қарап дәрігер белгілейді. 

Алан Кулицки, Чехия денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмекпен қамту басқармасы бастығының орынбасары:

- Балаларды вакциналағаннан кейін Чехия толығымен коронавирустан қорғалады, халықтың 91 процентінен 95 процентіне дейін екпе алады. Қазір Ұлыбританияда әріптестерімізбен коронавирустың жаңа омикрон штамына қарсы вакцина жөнінде келіссөз өткізіп жатырмыз. Бұл бағдарлама қолдау тапса, балалар препаратпен қамтылады.  

Халықтың көбі вакциналауға денсаулық сақтау министрлігінің сайтында онлайн тіркеліп жатыр. Жалпы елде  5 пен 11 жас аралығындағы бір миллиондай бала бар. Ал үкімет вакцинаның 300 мың дозасына тапсырыс берген. Оның алғашқы партиясы 20 желтоқсанда әкелінеді.

Александр Грэс, Павол Демитра