Қаржы нарығындағы антирекорд: Түркияда ахуал ушықты

Түркияның қаржы валюта нарығындағы жағдай тұрақтала қоймады. Түрік лирасы тағы да құнсызданды. Қазір елде бір АҚШ долларының құны – 16,42 лира. Жұма күні бірден 9 процентке төмендеп, 17,17-ні құраған. Ал еуро болса 19-дан асып түсті. Алтынның бір грамы 998 лираға дейін жетті. Үш жағдайда да антирекорд орнады. Бұған онлайн биржалық сауда деректері дәлел.

Түрік жұртын соңғы апталарда екі-ақ сұрақ мазалайды. Лираның құнсыздануы мен қымбатшылық. Екі-үш кісінің басы қосылса болды, елдегі бағаның артуы мен бұл жағдай қашанға дейін жалғасатыны жөнінде пікір алмасады. Түрік статистика мекемесіне сәйкес, қараша айында тұтынушылық бағасы былтырдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,3%-ға, соның ішінде азық-түлік бағасы 27,1%-ға өскен. Бұл көрсеткішпен келіспейтіндер баршылық. Ал бағаның шарықтауына да лираның долларға шаққандағы құнының тең жартысының жоғалтуы себеп.

Түркия президенті, өмір сүру шығындарын көтеру үшін 2022 жылынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 50%-ға көтерді. Ай сайынғы жұмысшылардың қолына алатыны 4250 лира, яғни 275 доллар болмақ. Бұл жаңалық еңбеккерлерді қуантты. Бірақ жұмыс берушілерге ауыр тиіп отыр. Айтуларынша, шығынды жабу үшін енді бағаны өсіру қажет.

Сүлейман Дурмуш, мейрамхана иесі:

– Ең төменгі жалақының 4250 лираға дейін көтерілсе, жұмыс берушіге қымбатқа түседі. Мұндағы қызметкерлер 15-20 жылдан бері бізбен бірге. Кәсіпті 40 жыл бұрын бастаған бізге қиын. Шығынды жабу үшін порцияларды азайтатын шығармыз.

Ашкын Жамлы, наубайхана иесі:

– Жалақының көтерілуімен, өнімдеріміздің бағасын 50%-ға өсіруіміз қажет. Тұтынушылар қалай қабылдайды? Осы сұрақ мазалайды. Шығынды жабу үшін мәжбүр бағаға қосамыз. Немесе жұмысшыларды шығарып, яки қысқартамыз. Жаңа жылды күтеміз енді. 

Бұл өсім алты миллионға жуық жұмысшыға әсер етті, бірақ лираның күрт құнсыздануын ескере отырып, жаңа ең төменгі жалақы өткен жылғы 380 доллар эквивалентінен әлі де төмен. 2021 жылдың басында бұл жалақының төменгі сатысы 380 доллардан басталатын. Лираның 51% құнсыздануымен 186 долларға дейін төмендеді.

Зеки Ердоған, жұмысшы:

؎ Бізге бұл жеткіліксіз. Айына 4253 лирамен күн көру, пәтер ақысы, газ, жарық, су ақысын төлеу қиын. Бір ай үшін әлі де аз.

Байрам Доған, жұмысшы:

– Жалақымыздың 2800-ден 4250-ге өсуі жақсы болды. Одан да жоғарылайды деп үміттенеміз. 

ШЕТЕЛДІКТЕР АРЗАН ТАУАРДЫ ЖАППАЙ САТЫП АЛЫП ЖАТЫР

Доллар және еуро бағамындағы өзгеріс, Еуропалықтардың олжасына жарады. Әсіресе, соңғы уақытта көршілес Болгария мен Грекия түріктің Эдирге қаласына келіп, қажеттерін алып жатыр. Жылда шаһарға аталмыш екі елден келушілердің қарасы қалың болатын. Дегенмен, лираның құнсыздануынан кейін көршілес елден келушілер едәуір артқан. Кеден бекеттеріндегі ұзын- сонар кезек бұған куә.

КЕДЕН БЕКЕТІНДЕГІ КЕЗЕК

Валюта бағамына байланысты заттардың бағасы жиі өзгеріп жатыр. Ал отандастарымыздың таңдауына айналған Жерорта теңізінде қонақүйлердің бағасына қалай әсер етпек. Қонақүй иесінен сұрап көрдік.

Оғузхан Туна, қонақүй менеджері:

– Жылдағы секілді қонақүйдің бағасы артады. Биылғы өсім бұрынғыға қарағанда жоғарырақ болады. Өйткені, азық- түлік бағасы, газ бен тазалық тауарларының бағасы артты. Пандемияның да әсері жеткілікті. Басқа мүмкіндіктерді қарастырамыз.

Президент Ердоған алдағы күндері Түркиядағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және одан әрі экономикалық өсуге ықпал ететін шешімдер қабылданатынын айтты. Мемлекеттік қызметкерлер мен зейнеткерлердің жалақысының өсетінін де хабарлады. Орталық банктің пайыздық мөлшерлемеге қатысты саясаты тұрақты. Бейсенбі күні 1% қайта төмендетті.

Меруерт Қанағат