COVID-19 Италия халқының жаңа жылды қарсы алу әдетін өзгертті

COVID-19 Италия халқының жаңа жылды қарсы алу әдетін өзгертті

Ковид-19 Италия тұрғындарының жаңа жылды қарсы алу әдетін өзгертті. Жергілікті экономистердің есептеуінше, мереке күндері мейрамханада тамақтанатындар саны 3 жарым миллионға жетпейді. Пандемияға дейін бұл көрсеткіш 2 есе жоғары болатын. Сондай-ақ итальяндардың 80 проценті вакцина салдырмаған достары мен туыстарын жаңа жылдық дастарқанға шақырғысы келмейді. Еуропалық елде әр отбасы мерекені атап өтуге орта есеппен алғанда шамамен 113 еуро жұмсауды жоспарлап отыр.

Лоренсо Бацана, шаруалардың ұлттық конфедерациясының сарапшысы:

- Біз итальяндардың жаңа жылды атап өтуге қатысты әдет-дағдыларын зерттедік. Біздің сауалнамаға қатысқан 10 тұрғынның 8-і үйіне вакцина салдырмаған достары мен жақындарын шақырмайтынын көрсеткен. Олар вирус жұқтырып алудан қорқатынын айтады.

Чехияда Жаңа жыл қарсаңында карантин күшейтілді            

Чехия үкіметі жаңа жыл алдында карантин талаптарын күшейтті. 29 желтоқсаннан бастап сауық кештеріне 50-ден артық адам қатысуға болмайды. Ал үлкен мәдени-бұқаралық іс-шараларға 1 мың көрерменге дейін жинала алады. Сондай-ақ мейрамханаларда бір үстелде 4-ақ адам бас қосуы тиіс. Ал Рождество тойланатын 25 желтоқсанда елдегі барлық дүкендер жабық болады.

Петр Фиала, Чехияның премьер-министрі:

- Алдағы дүйсенбі, 27 желтоқсаннан бастап жасы 30-дан асқан және екінші дозадан кейін 5 ай өткен кез келген азамат үшінші дозаны салдыра алады. Сондай-ақ қаңтар айының алғашқы 14 күнінде оқушылар, мұғалімдер мен мектептің басқа қызметкерлері аптасына 2 рет ковид тестісін тапсырады. Осылайша біз соңғы кезде кеңінен таралып жатқан омикрон штамының алдын аламыз.

АҚШ-та мерекелер кезінде барыс-келіс көбейеді                 

АҚШ тұрғындары жаңа жыл қарсаңында тест тапсыру орталықтарына лап қойды. Өйткені теріс нәтиже туған-туыстарына кедергісіз сапарлап баруға мүмкіндік береді. АҚШ-тағы Автокөлік қауымдастығының есебі бойынша, 23 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында 109 миллион америкалық жолға шықпақ. Бұл былтырғы көрсеткіштен 34 процентке артық. Қазір Құрама Штаттарда ковид жұқтырған науқастардың 73 проценті омикрон штамына шалдыққан.

Тревор Рейли, Вашингтон тұрғыны:

- Жұмысымда көп адамның тестісі оң нәтиже көрсетті. Менікі теріс болды. Соңғы 1-2 күннің ішінде жұқтырғандар саны жылдам көбейіп келеді. Сондықтан қыдырудан қорқып тұрмын.

Туристер Дубайға ағылып жатыр                  

Жаңа жылдық мерекелерді қарсы алу үшін туристер Дубайға қазірден ағылып жатыр. Біріккен Араб Әмірліктеріне келу үшін ешқандай қатаң шектеу жоқ. Әуежайда тест тапсырса болғаны. Оның үстіне биыл Дубайда «Экспо 2020» көрмесі өтіп жатыр. Ресми дерек бойынша қазан айында бұл қалаға 5 миллиондай саяхатшы келген. Әлемдегі ең биік ғимарат Бурдж-Халифаның айналасындағы барлық қонақ үйлерде жаңа жыл кезінде мүлде орын қалмаған.