Грузияның туризм саласы қалпына келмеген

Грузияның туризм саласы қалпына келмеген

Грузияға биыл 11 айда былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда туристер 4 есе көп келген. Дегенмен, сала басшыларының бұл көрсеткішке көңілі толмай отыр. Себебі елдің туризмі карантинге дейінгі статистикаға әлі жете алар емес. Бұл экономикаға да әсер етті. Енді ел билігі қандай шара қабылдайды? 

Соңғы он жылда Грузияда қарқынды дамып келген туризм саласының болашағы бұлыңғыр боп тұр. Елена Вежанова жұбайымен бірге Грузияда саяхаттар ұйымдастырады. Биыл турист саны аз болғандықтан күн көруі де қиындаған. 

Елена Вежанова, гид:

- Бәрі бұрынғы қалпына келді деуге әрине болмайды. Шынын айтсақ, жақын арада жағдайымыз жақсаратын түрі жоқ. Бірақ біз үмітімзді үзбей, қонақтарды күтіп отырмыз. Иә шекара ашық, бәрі елімізге қиналмай келеді. Алайда өкінішке орай, бұрынғыдай көп турист келіп жүрген жоқ.  

2020-жылдың қаңтар мен ақпан айларында, Грузияға әлі коронавирус тарамаған кезде, туризм саласы өрлеп жатқан еді. Наурыз айында бәрі өзгеріп, ел шекарасы бір жылға жабылды. Ал ішкі туризм көп табыс әкелген жоқ.

Давид Кешелава, сарапшы: 

- 2019 жылы туризм мен еншілес салаларының ел экономикасындағы үлесі шамамен сегіз жарым процент болған. 2020 жылы бұл көрсеткіш 5,9%-ке төмендеді. Биылғы жылдың нақты мәліметі әзірше белгісіз, бірақ одан да төмен түсетін түрі бар, өйткені турист саны азайған.  

Қонақтарды елге тарту үшін Грузия жаңа бағыттар құрып, жаңа өнімдер ұсынып отыр. Халықаралық әуерейстердің 65%-і қайта қатынай бастады. Қазір негізінен елге Түркия, Ресей, Армения, Израиль, Украина және Қазахстан азаматтары саяхаттауға келіп жүр. Алайда пандемия басталмас бұрын 2019 жылмен салыстырғанда биыл туристер саны 5 есе аз болған.

Юлия Тужилкина