Украин тіліне үкімет жанашыр бола ала ма

Украин тіліне ел үкіметі жанашыр болады. Жаңа жылдан бастап Украинадағы барлық баспасөз украин тіліндегі нұсқасын жарыққа шығаруы керек. Бұл «мемлекеттік тілді дамыту туралы» Заңның жаңа талабы. Енді басқа тілде ақпар тарататын баспасөз өнімнің мемлекеттік тілдегі нұсқасын ұсынбаса, айыппұл төлейді. Оның көлемі де қомақты. Талапты орындамаған газет пен журналға 200 мың гривнеге дейін айыппұл салынады, деп хабарлайды Хабар 24.

Заңгер әрі халықаралық қатынастар саласының маманы Владимир Дольник –  Киевтегі белгілі баспаның белді тілшісі. Өзі Одесса қаласынан. Сондықтан украин тілінің тазалығына аса мән береді. Жаңа жылдан бастап барлық басылымның украин тіліндегі нұсқасы шығуы тиіс. Бұл жаңа заң. Осы жаңалық жас тілшінің жанын жадыратыпты. Өйткені мемлекеттік тілді дамытуға мән беретін әр маман үшін мәселеге мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі құптарлық жағдай. Бұл ел келешегі үшін қолға алынып жатқан кешенді жоба, – дейді Владимир Дольник.

Владимир Дольник, жас тілші:

 – Украинадағы радиокомпаниялар осыған ұқсас заң тәртібін бастан өткерген еді. Сәйкесінше, біз радиодағы үлкен өзгерісті бірден байқадық. Ән мен бағдарлама еселеп өсті. Бұл заң украин тіліндегі ән мен әншінің санын да, сапасын да арттырды. Баспа саласында бағытталған Заң да осындай нәтиже береді деп ойлаймын.

Төрт жыл бұрын қабылданған «Украина киносын мемлекеттік қолдау туралы» Заң отандық кино, дубляж және анимациялық өндіріс саласына тың серпін берген еді. Заң бойынша мемлекеттік, яғни украин тіліне аударылған шетел кинокартинасы 2023 жылға дейін кедендік баж және қосымша құн салығынан босатылған. Бұл жеңілдік кинодағы украин тілінің дамуына үлкен үлес қосты. Апталық журналдың бас редакторы Александр Сиренко елде мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге арналған ауқымды шаралар қарқын алғанын айтады.

Александр Сиренко, бас редактор:

 – Мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге қатысты өзгеріс кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатыр. Бірнеше жыл бұрын теледидар мен кинотеатрлардағы украин тіліне қатысты Заң қабылданып, оң өзгерістер болды. Сәйкесінше, телеөнім украин тілінде шығарыла бастады. Таза украин тіліндегі фильмдердің саны артты. Осы тұста баспаның да украин тілінде жазатын кезі келгені рас. Бұл Заң ешкімге кедергі келтірмейді.

Мемлекеттік телевизия мен радиохабар комеитетінің дерегінше, «мемлекеттік тілді дамыту туралы» Заңды бұзған басылым – 115 мыңнан, 200 мың гривнеге дейін айыппұл төлейді.

Аида Қыдырбай, Петр Борейко