Канадада күн райы минус 50 градусқа жетті

Канаданың батысында күн 50 градусқа суытты.

Жұрттың айтуынша аймақта мұндай аяз бұрын-соңды болмаған. Метеорологтар ел аумағына Арктика жақтан суық ауа ағыны жеткенін айтады. Билік демікпе сияқты созылмалы ауруы бар тұрғындарға сыртқа шықпауды ескертті. Аяздың беті бірнеше күнге дейін қайтпауы мүмкін.

ҰШАҚТАР ҚАҢТАРЫЛЫП ТҰР

Жапонияның солтүстігі мен батысында қар қалың түсті. Осыған байланысты жүзден астам әуе рейсі кейінге шегерілді. Қолайсыз ауа райынан тас жолдағы көлік қозғалысында да кедергі туды. Метеорологтар ақ ұлпаның қалыңдығы алдағы уақытта 90 сантиметрден асуы мүмкін деп ескертті. Сондықтан билік Жапон теңізінің жағасындағы тұрғындарға сыртқа шықпауға кеңес беруде. Коммуналдық қызмет өкілдері омбы қарды аршып үлгермей жатыр.

АУЫЛМЕН БАЙЛАНЫС ҮЗІЛДІ

Түркияның шығысында да қар жауды. Мус провинциясында ақ ұлпаның қалыңдығы 4 метрден асады. Жолдар жабылып, аймақта 60-тан астам ауылмен байланыс үзіліп қалған. Таудай үйілген қарды аршуға арнайы техника келген. Қолайсыз ауа райына байланысты мектептер сабақты тоқтатты. Көптеген тұрғындар көшедегі ақ ұлпаны өздері күреуге мәжбүр.