Британияда ПТР және экспресс-тест жетіспей жатыр

Ұлыбританияда ПТР және COVID-19 антигенін анықтайтын экспресс-тесттердің жетіспеушілігі байқалуда. Оларды емханаларға барып, тапсыру да, үйге пошта арқылы алдыру да мүмкін емес. Ал коронавирустың жаңа түрі, өз кезегінде, тез тарап, елді әбігерге салды. Ковид жұқтырғандардың басым көпшілігінен омикрон штамы анықталып отыр.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Үкімет тарапынан тегін берілетін ПТР және COVID-19 антигенін анықтайтын экспресс-тесттердің жоқтығы жергілікті халық үшін мереке қарсаңындағы күтпеген жаңалық болды. Егде жастағы туған-туыстарын құттықтар алдында немесе сауық кештеріне бармас бұрын өздерін тексеріп көрмек болған британиялықтар тест таппай, дәріханалардың табалдырығын тоздырып жүр. Оны онлайн тапсырыс беріп, алдыру да мүмкін емес. Омикрон штамы кең тарай бастағанда тесттерге деген сұраныс артып, тапшылығы пайда болған көрінеді. Денсаулық сақтау министрі Саджид Джавид ақпан айына қарай халықты 300 миллион тестпен қамтамасыз етуге уәде берді. Бірақ оған дейін күте тұруға тура келеді. Елдегі санитарлық жағдай алаңдатарлық болғанымен биліктегілер Англияда карантиндік шектеулерді қатаңдатқысы жоқ. Бірақ халықты үшінші екпені жеделдетіп алуға шақырып жатыр.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Жансақтау бөліміне түсіп жатқандардың басым көпшілігі ковидке қарсы вакцинаның үшінші дозасын алмағандар. Мен дәрігерлермен сөйлескенімде ауруханалардағы науқастардың 90 проценті бустер салдырмағандар деп хабарлады. Егер сіз иммунитетіңізді күшейтпеген болсаңыз ауруханаға түсуіңіздің ықтималдығы 8 есе артады. Осы маңызды мәселені ескергеніңіз жөн.

Елде қауіпті індетті жұқтырғандар саны еселеп артып, антирекордтық көрсеткіш күнара жаңаланып отыр. Соңғы тәулік ішінде 200 мыңға дейін жағдай тіркеліп, ауруханаға түскендердің де, ковидтен көз жұмғандардың да саны артты. Сарапшылардың пікірінше, бұл статистикаға инфекцияға қайта шалдыққандар мен симптомсыз науқастар кірмейді. Егер тест жетіспеушілігі жалғаса беретін болса, жаңажылдық мерекелер кезінде ковид жұқтырғанын білмейтін адамдар басқалармен араласып, жағдай ушыға түсуі мүмкін, дейді мамандар.

Ғалымжан Қараманұлы