Өзбекстан газ экспортын тоқтатады

Өзбекстан сыртқы нарыққа газ экспортын тоқтатады,деп хабарлайды «Хабар 24». Енді мемлекет табиғи ресурсын тек өз қажеттілігіне жұмсайды. Мұндай шешімді Энергетика министрлігі қабылдады. Бұған дейін көрші ел Орталық Азия мемлекеттеріне, соның ішінде Қазақстанға көгілдір отын жеткізіп келген. Енді жағдай қалай өзгереді? Мұның аймаққа әсері қандай болады?

Өзбекстанда көліктердің басым бөлігі көгілдір отынмен жүреді. Елде бұл энергия көзінің қоры көп. Сондықтан халық астындағы темір тұлпарын газға көбірек бейімдеген. Ал бензинге соншалықты сұраныс жоқ, бағасы да қымбат. Мұны нағыз экологиялық қозғалыс деуге де болады. Себебі, газбен жүретін көліктен бөлінетін зиянды қалдықтар әдеттегіден 70 процентке аз.

Көгілдір отын – Өзбекстан халқының негізгі байлығы. Оның қоры жөнінен мемлекет Түрікменстан мен Қазақстаннан кейін Орталық Азияда үшінші орында. Кеңес үкіметі кезінен көрші мемлекеттер бір-бірін қажетті энергия ресурстарымен қамтамасыз етеді. Соның бірі – газ. Бірақ биылдан бастап өзбек елі сыртқы нарыққа осы энергия ресурсын экспорттауды тоқтатады.

Жамал Хұсанжанова Өзбекстанның энергетика министрлігі басқармасының басшысы:

– Өзбекстан үкіметі газ экспортын шектеу жөнінде шешім қабылдады. Оның орнына ішкі нарықта кәсіпорындардың қуатын арттыру үшін қолданылады. Шикі күйінде емес, сол арқылы дайын өнімдер жасап, сырт елдерге тасымалдаймыз.

Саладағы бұған дейін қабылданған шешімдер де күшін жоюы мүмкін. Мәселен, қолданыстағы келісім бойынша Өзбекстан алдағы бірнеше жыл бойы көршілес Қытайға көгілдір отын жеткізуге міндетті. Енді бұл құжаттың келешегі күмән тудырып тұр. Ал Қазақстанмен энергетика саласындағы байланыс басқа да бағыттар бойынша дамиды.

Жамал Хұсанжанова Өзбекстанның энергетика министрлігі басқармасының басшысы:

– Қазақстанмен ғасырлар бойы қалыптасқан байланыс бар. Біз бір-бірімізге транзит саласында көмектесеміз. Мәселен, Қазақстанның солтүстігінде өндірілген газды оңтүстік аймақтарға біздегі магистральді құбырлар арқылы жеткізіп береміз. Аталған инфрақұрылым кеңес үкіметі кезінен бар. Соны сақтап қалғанбыз.

Жалпы Қазақстан мен Өзбекстанның энергетика саласындағы ахуалы бір-біріне ұқсас. Әсіресе, электр қуатына деген жетіспеушілік мұнда да байқалады. Дегенмен, мәселені шешу үшін Өзбекстан да атом электр станциясын салуға кірісті.

Бақтиёр Эргашев, экономист:

– Атом электр станцияның салынатын орны белгілі. Ол – Жызақ облысы. Сондағы Таскан көлінің маңайында бой көтереді. Станцияда жақында Беларусь мемлекетінде іске қосылған реакторлар қойылады. Құрылыс биыл басталуы мүмкін.

Дегенмен Энергетика министрлігінде атом электр станциясына қатысты мәселе әлі толық шешімін таппаған. Ал биылдан бастап тек ішкі нарықта қалатын көгілдір отынмен елде енді тапшылық болмайды. Және бұл жағдай Орталық Азия елдеріне кері әсер етпеуге тиіс. Өйткені, Өзбекстан Қазақстанға тек аз мөлшерде газ жеткізіп келді. «Оның есесін қазақстандық газ өндіруші кәсіпорындар да өтей алады», – дейді мамандар.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов