Климаттың өзгеруі еш әсер етпеген маржан рифі табылды

Таити аралының жағалауында бұрынғы қалпында сақталып қалған алып риф табылды.

Ұзындығы 3 шақырымнан асады. 70 метр тереңдікте орналасқан. Ғалымдар оған жаһандық жылыну әсер етпей, сол күйі сақталып қалғанына таңқалып отыр. Бертінге дейін маржан рифі экожүйелерінің көбі 25 метр тереңдікте орналасады деп саналып келген. Алайда сарапшылар "бұл жаңалық адамзаттың мұхит туралы білмейтіні әлі көп екенін дәлелдейді" дейді. Маржанды рифтер теңіз ағзаларының қорек көзі әрі тіршілік ортасы саналады. Бірақ климаттың өзгеруі салдарынан біразы түссізденіп қалған. Жаһандық жылыну кесірінен кейінгі 70 жылда олардың саны екі есеге азайған.

Джулиан Барбьер, ЮНЕСКО өкілі:

- Біз білетін маржанды рифтердің көбіне климаттың өзгеруі және шектен тыс балық аулау әсер етті. Алайда мына экожүйе бүлінбей, сол күйі сақталып қалған. Сондай-ақ басқаларына қарағанда біраз терең жерде орналасқан. Бұл жаңалық мұхиттар туралы білетінімізден білмейтініміз көп екенін айғақтап отыр. Рифтер жаһандық жылынуға бейімделе бастаған ба деген сұрақ туындайды. Мұның жауабын табу үшін көп зерттеу қажет.