Орта ғасырға оралу: Шаруалар соқамен жер жыртып жүр

Пандемия ауыл шаруашылығын тығырыққа тіреді. Еуропаның оңтүстік-шығысындағы Албания орта ғасырға қайта оралды. АҚШ, Ұлыбритания сияқты дамыған елдерде шаруалар мен инвесторлар өнім алудың және табиғатты сақтаудың тың жолдарын тауып жатыр. Испания диқандары мен малшылары ел астанасына басып кірді.

Албания диқандары орта ғасырда жүргендей. Шаруалар жер жырту үшін есек пен соқаны пайдаланып жүр. Себебі елде дизель отыны удай қымбат. Литрі шамамен 700 теңгеден асады.

Ндю Фуга, шаруа:

– Жұмысымыз өте қиын. Өзіміз сіңірі шыққан кедейміз. Шағын трактор да сатып ала алмаймыз. Үкімет ауыл шаруашылығына көмектессе жақсы болар еді.

Жалпы Албанияда ауыл шаруашылығына жарамды 700 мың гектар жер бар. Қазір оның 400 мың гектары игеріліп жатыр. 2 миллион 800 мың тұрғынның 40 проценті ауылда тұрады. Бірақ ауыл шаруашылығы жалпы ішкі өнімнің 19-ақ процентін құрайды.

Агим Параж, агробизнес кеңесінің өкілі:

– Албания жерінің көбі биік төбелі болып келеді. Сондықтан механикалық тұрғыда жұмыс істеу өте қиын. Ол үшін ыңғайлы, озық техника қажет. Ал олар өте қымбат тұрады. Сондықтан үкімет ауыл шаруашылығын дамыту саясатын толық өзгертуі қажет. Ауылға және агротуризмге көңіл бөлінсе дейміз.

ӨСІМДІК ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ НОУ-ХАУ

АҚШ-та тік өсірілетін шаруашылық дамып келеді. Алпауыт инвесторлар Сан-Францискодағы «Пленти» шаруа қожалығына 400 миллион доллар қаржы құйып, инновациялық кәсіпорынның өнім беру көлемі 2 жылда 700 есе артқан. Мұнда топырақ та, жарық та жасанды. Табиғи құбылыстарға тәуелді емес. Жыл он екі ай өнім береді. Бұл өндіріске шығын аз жұмсалады. Agritecture зерттеу ұйымының хабарлауынша, 2020 жылы жабық ғимаратта ауыл шаруашылық өнімдерін жасайтын 74 компания құрылған. Мұндай өрлеудің басты себебі – коронавирус пандемиясы.

ИНВЕСТОРЛАР ТАБИҒАТҚА КӨҢІЛ БӨЛІП ЖАТЫР

Ұлыбританияда инвесторлар жасыл желекті көбейтіп, табиғатты сақтау үшін қарекет қылып жатыр. Оларды батыста «жасыл лордтар» деп атайды. Жақында сондай бір инвестор Шотландияда аң аулау мен ауыл шаруашылығына арналған қожалықты 15 миллион долларға сатып алып, 2 мыңнан астам аумақты қоршаған ортаға қолайлы қылуды жоспарлап отыр. Ең алдымен, аң аулауға тыйым салынды.

Джереми Леггет, қожалық иесі:

– Мен 20 жыл бойы күн энергиясымен айналысып келемін. Қазір кәсіби бағытымды түрлендіріп жатырмын. Жүз жыл бұрын Шотландияда емен өте көп болатын. Бүгінде олардың басым бөлігі кесілді. Осылайша жартылай шөлейт аймаққа айналды. Қой шаруашылығы мен бұғыларды аулау ісі көп зиянын тигізіп жатыр.

Енді аймақта емен ағашы көп егіледі. Осылайша байлар ауа құрамын жақсартып, климат өзгерісінің теріс салдарын азайтуға ниетті. Шотландиядағы жердің жартысынан астамы 500-дей адамның жекеменшігінде екен. Көбі – шетелдіктер.

Джеми Уиллиамсон, қожалық иесі:

– Ақшасы көп адамдардың кейбірі Айға, ғарышқа ұшып барғысы келеді. Жарайды, барсын. Бірақ біз ғаламдық жылынудың болашақтағы теріс салдарын да ойлауымыз қажет. Шымтезекті қалпына келтіріп, өте баяу өсетін ағаштарды егумен айналысқанымыз анағұрлым дұрыс болар еді.

ШАРУАЛАР: АУЫЛДАР ҚҰРЫП ЖАТЫР

Испаниялық шаруалар Мадридке жиналды. Ел астанасына 500-ден астам ұйым жиналған. Олар қалаға 50 жылқы, 40 трактор, 15 бұқа кіргізді. Ереуілшілер үкіметтің ауыл шаруашылық саясатына наразы. Табыс азайған соң ауылдағы жастар жаппай қалаға кетіп жатыр деп шағымданады.

Роза Гарсиа, шаруа:

– Біз ауылды, ауыл шаруашылығын, малымызды, құнарлы жерді қорғауымыз керек. Бұлар құрдымға кетсе, бәрі құриды. Өнімдер бағасы аспандап барады. Тапқанымыз тиын-тебен болып қалды.

Антонио Доносо, шаруа:

– Ауыл жойылып жатыр. Таңмен таласа тұрып, маңдай терімізді төгіп жатырмыз. Бірақ еңбегіміз еш кетеді. Жүйені өзгерту керек.

Шаруалар Оңтүстік Африка, Египет және Мароккодан келетін арзан ауыл шаруашылық өнімдеріне тыйым салуды талап етті. Олар мұның орнына отандық диқандардың еңбегіне көңіл бөліну керек дейді. Билік өз кезегінде ауыл тұрғындарын қолдауға бюджеттен 4 миллиард 700 миллион доллар бөлуді жоспарлап отырғанын айтады.