Жұмыс іздеп шетелге кеткендер саны артты

Жұмыс іздеп шетелге кеткендер саны артты

Украинада жұмыс іздеп елден кеткендер саны жылына үш миллионға дейін жеткен. Бұл туралы Экономика министрлігі хабарлады. Іске жарамды ел азаматтарының 16 проценті шет елде кәсіп қылып жүр. Украина мен Ресей шекарасындағы шиеленіс еңбек миграциясын одан сайын ушықтырады,– дейді мамандар. 

Елена – Украинаның Луганск өңірінен Киевке 8 жыл бұрын көшіп келген. Қазір қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін маман шетелге жұмысқа орналасу үшін құжаттарын әзірлеп жүр. 2014 жылдан бері елдің шығысы тыныш емес, соғыс әлі күнге дейін тоқтаған жоқ. Сондықтан осы аймақтан Лена сияқты үдере көшкендердің қатары көп. Украина экономика министрлігінің мәліметі бойынша, жыл сайын еңбек етемін деп елден кеткендер саны 3 млн-ға дейін жеткен. Тек қана Польшаға Украинадан соңғы бес жыл ішінде жұмыс іздеп кеткендердің саны 5 есеге артқан.

Елена, Киев қаласының тұрғыны:

– Луганск өңіріненмін, ол жақтағы қауіпсіздіктің күйі белгілі. Туған жерімді қатты жақсы көремін, алайда жұмыссыздық елден кетуге мәжбүрлейді.

Кирилл Барашков, Грекиядағы Украина ұлттық адвокаттар қауымдастығының өкілі:

– Кез келген әскери қақтығыс елден көші-қонды арттырады, бұл аксиома. Қалай болғанда да, Украинаның ішкі жағдайы әлі де тұрақсыз, өте жағымсыз экономикалық тенденциялары байқалады. Біз жақын уақытта барлық бағыттағы миграцияның қатты артқанын байқайтын боламыз.

Шетелге кеткен украиналықтар жылына 11 млдр долларға жуық қаражатты туған еліне жібереді дейді,– журналист Петр Билян. Еңбекке жарамды жастар ғана емес, Еуропа мен Украинаның визасыз режимін зейнеттегі азаматтарға дейін жиі қолданады.

Пётр Билян, журналист:

– Шетелге көбінесе білімді жастар бас сауғалайды. Айти саласындағы мамандар өз алдына біліктілігі төмен, дегенмен мамандығы бар орта жастағы адамдар да сыртта жұмыс жасауды таңдайды. Батыс Украинадан шығыс Еуропаға зейнет, яғни 50-60 жастағы адамдар да еңбек етуге барады, еуропалық қарттарды қарап, күтуші ретінде де табысын тауып жүр.

Айлық аз болғандықтан, кәсіби дәрігерлер де шетелде жұмыс жасауға құмар екенін айтады сарапшылар. Жоғарғы Раданың адам құқықтары жөніндегі уәкілі Людмила Денисова елдегі медициналық қызметкерлердің тапшылығы қатты сезілетінін мәлімдеді. Украинада 50 мыңға жуық дәрігер мен 100 мыңға жуық медбике жетіспейді.

Аида Қыдырбай, Петр Борейко