Грузияда коронавирустың алтыншы толқыны басталды

Грузия халқын омикрон алқымнан алды. Вирустың таралу жылдамдығы көрші Армения мен Әзербайжандағы көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары. Алайда дәрігерлер ауруханаларда орын тапшылығы жоқ екенін айтады. Өйткені омикронды жұқтырғандардың көбі жеңіл ауырады. Десе де, мамандар босаңсуға әлі ерте дейді. Өйткені Грузияда вакциналау деңгейі төмен. Күн сайын екпені салдырғандардың саны 7 мыңға да жетпейді. 

Грузияда «омикрон» штамының таралу жылдамдығы бойынша рекорд орнады. Соңғы тәулікте вирус 17 жарым мың адамнан анықталды. Жағдайдың ушығуына байланысты жергілікті дәрігерлер тұрғындарды мейлінше тезірек вакцина алуға шақырып отыр. Өйткені бүгінге дейін халықтың тек 42 проценті ғана екпе салдырған. Бұл көрсеткішті көтеру үшін ел үкіметі қаржылай ынталандыру бағдарламаларын қолға алған. Мәселен, желтоқсаннан бастап препараттың бірінші дозасын салдырған егде жастағы тұрғындарға 65 доллардан беріліп жатыр. Бұдан бөлек, жуырда тағы бір бонус енгізілді.

Георгий Гибрадзе, Коронавируспен күрес бойынша ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің жедел штабының басшысы:

– Вакцина салдырған жасы 50-ден асқан тұрғындарды ынталандыру бағдарламасы тағы бір айға ұзартылады. 50-ден асқан азаматтар бустерлік доза қабылдаса, қосымша 100 лариден алады.

Грузияда омикрон басым штамға айналып үлгерген. Бүгінде вирус жұқтыру деректерінің 90 проценті осы мутациямен байланысты. Тбилисидегі 168 балабақшаның үштен бірі қазір жабық тұр. Денсаулық сақтау ұйымының өкілдері жаппай іс-шараларды онлайн форматқа ауыстыруға кеңес береді. Сондай-ақ дүрбелеңге бой алдырмауға шақырады. Айтуларынша, қазір ауруханаларда орын тапшылығы мәселесі жоқ.  

Тамар Габуния, Грузия денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

– Қазір ел бойынша 87 мың адам коронавируспен ауырып жатыр. Солардың 4 жарым мыңнан астамы ауруханада. 283 науқас жансақтау бөліміне жатқызылған. Ауруханаларда ковид төсек орындардың 45 проценті бос тұр.

Қазір бар ауыртпалық отбасылық дәрігерлердің мойнына түскен. Елде 102 онлайн-клиника жұмыс істейді. Жедел желіге күн сайын 5 мыңнан аса адам хабарласады. Эпидемиологтардың топшылауынша, коронавирустың алтыншы толқыны тағы бірнеше аптаға созылады.

Жұлдыз Атагельдиева, Ғани Мұқашұлы, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили