Қытай халқы жаңа жыл мейрамын тойлауды бастады

Қытай халқы жаңа жыл мейрамын тойлай бастады. Бұл елдегі басты мерекелердің бірі. Елде 6 ақпанға дейін демалыс жарияланды. Әдетте жүздеген миллион қытай азаматы жаңа жылды үйінде қарсы алу үшін елдің түкпір-түкпірінен туған ауылдарына қайта бастайды. Алайда пандемия мейрамды атап өту дәстүріне өзгерістер енгізді. 

Осыдан 10 жылдай бұрын осы уақытта Бейжің қаласы қаңырап қалатын. Шаһар тұрғындары шетелге кетсе, сырттан келгендер ауылдарына қайтатын. Көшелерде көлік көрінбейтін. Енді бәрі өзгеріп, базар-дүкендер мен мейрамханалардың жұмысы қызып тұр. Пандемияның кесірінен жұрт шетелге бармайтын болды. Сондай-ақ соңғы екі жылда билік халықты жұмыс істейтін қалаларында қалуға шақырды. 

 БЛИЦ:

- Жаңа жылды ата-аналарымызбен қарсы алдық. Бейжіңнен кету жоспарымызда жоқ. Тұшпара дайындадық.

- Тұшпараның бірнеше ыдысын тауыстым!

- Жалғыз өзім қарсы алдым. Тұшпара жасадым. Демалыс күндерін Бейжіңде өткізіп, кітап оқып, қалада сереундеймін.

Чуньцзе мейрамы жөнінде қызық аңыз бар. Жыл сайын Нянь атты құбыжық елге келіп, адам мен үй жануарларын жейді-міс. Есімі де "жыл" деп аударылады. Мамыражай тіршілігін бұзған құбыжықты халық қызыл түсті шамдардың жарқылымен және отшашулардың шуымен жеңген. Сондықтан бұл мейрамның басты атрибуттері саналады. Тіпті бұл дәстүрді ғарыштағы тайконавттар да ұстанып отыр. Олар мейрамды қарсы алып, тұшпара дәмін татты. Ал Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті қытай тілінде құттықтауын жолдады.

Томас Бах, Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті :

- Олимпиадалық достарым, Жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Жолбарыс жылы бәрімізге табыс әкелсін!

Әдетте Қытай тұрғындары Жаңа жылды туған-туыспен қарсы алу үшін елдің түкпір-түкпірінен ауылдарына қарай ағыла бастайды. Биыл да Бейжің тұрғындары сапарына ертерек шығуға тырысты. Өйткені соңғы кезде елдегі эпидахуал тұрақсыз. Оның үстіне үш күннен кейін басталатын Олимпиадаға байланысты елде санитарлық шектеулер күшейтілді.

Ботагөз Сырғабаева