Украина елі Британия және Польшамен саяси одақ құрады

Украина Ұлыбритания және Польшамен бірлесіп, Еуропадағы саяси ынтымақтастықтың жаңа форматын құрмақ. Бұл туралы ел Президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.

Енді бұл саяси одақтың мүмкіндігі қандай және Ресеймен арадағы шиеленіске ықпал ете ала ма? 

«Украина, Польша, Ұлыбритания: Еуропадағы саяси ынтымақтастықтың жаңа форматы құрылады». Бұл туралы Владимир Зеленский апта басында мәлімдеді. Үкімет басшысы Денис Шмыгаль үш елдің жаңа альянсы аймақтық қауіпсіздікті күшейтеді деп толықтырады. Дей тұрғанмен, Украинаның бір топ саяси сарапшысы мұндай одақ «Ресейден төнген қауіпке» қарсы тұрудың амалы десе, ендігі бір топ «бұл одақ Ресей-Украина арасындағы шиеленісті одан әрі ушықтырады» деп бағалап отыр.

Андрей Бодров, саяси сарапшы:

- Жаңа одақтың мақсаты түсініксіз. Жеке өзім және әріптестерім бұл саяси одақ Ресей мен Украина арасындағы шиеленісті шешудің орнына одан әрі ушықтыруы мүмкін деген пікірдеміз. Өйткені Ұлыбритания, Польша және Украина саяси ынтымақтастық туралы келісімге келсе, бұл өз кезегінде аумақтық әскерилердің саны артады дегенді білдіреді. Мұнда базалар, әскери бөлімдер орналастырылады. Бұл әлбетте көрші елмен қарым-қатынасты одан әрі шиеленістіре түседі.

Дүйсенбідегі Зеленскийдің мәлімдемесінен кейін Польша үкіметі Украинаға ең заманауи техникасын, оның ішінде оқдәрі және қару-жарақ көмегін көрсету туралы шешімін жариялады. Өз кезегінде Ұлыбритания да Украинаның әскери-теңіз күштеріне бағытталған көмек қаражатынан бөлек инфрақұрылым мен энергетика саласына 2 миллиард фунт стерлинг бөлді. Ал Украина халқы дәл қазір ешбір елмен саяси одақ құруға асықпауымыз керек деген пікірде.

Андрей Бодров, саяси сарапшы:

- Өкінішке орай, бұл одақта Украинаның ролі мардымсыз. Оның үстіне дәл қазіргі жағдайда қандай да бір қауіпсіздік кепілдіктерін аламыз деп үміттенудің қажеті жоқ. Бұл одақ өзге елдің геосаяси мүдделерін қорғап, британдық қызығушылықты ғана алдыңғы орынға шығарады.

БЛИЦЫ:

- Біз өзімізге ғана керекпіз, ешқандай одақ дәл қазір керек емес.

- Көрші елмен қарым-қатынас қиын болып тұрғанда, жаңа одақ құруға асықпауымыз керек деп ойлаймын.

- Ешкімге бағынбайтын, армиясы мықты, тәуелсіз ел болуымыз керек, деп ойлаймын.

2022 жылдан бастап Украинада аумақтық қорғаныс туралы заң күшіне енді. Жаңа заңда үш жыл ішінде Украина Қарулы Күштерінің саны 100 мың кәсіби қызметкерге артып, қосымша 20 бригада құру жоспарлары қамтылған.

Аида Қыдырбай, Петр Борейко