Украинада гривна құнсызданып жатыр

Украинада гривна құнсызданып жатыр

Соңғы екі аптадан бері Украинаның төл ақшасы гривна құнсызданып жатыр. Сауда нәтижесі бойынша ұлттық валютаның құны 5 процентке төмендеген. Салдарынан елде жанар-жағармай мен азық-түліктің бағасы көтерілді.

Украинада өткен жылы өнеркәсіптік инфляция көлемі 62 процентке жетіп, 25 жыл бұрынғы рекорд жаңарды. Соңғы айларда Украинаның өнеркәсіптік кәсіпорындары отынның мың текше метрі үшін 1,5 мың доллар төлеуге мәжбүр. Сондықтан ел өндірушілері тауардың барлық түрі оның ішінде қант, май және нан өнімдерінің бағасын екі, тіптен 3 есеге арттыруға мәжбүр. Бұл елде жанар-жағармайдың да құны 2 гривнаға өсті. Бұл біздің валютаға шаққанда шамамен 31 теңге. Аптаның аяғына дейін тағы 1,5 гривнаға артады деп болжайды, мұнай нарығының мамандары. 

Александр Сиренко, мұнай нарығының сарапшысы:

- Жыл басынан бері Украинадағы жанармай құю бекеттерінде мұнай өнімдері қымбаттап жатыр. Бұған әлемдегі мұнай бағасы да әсер етті. Екінші фактор: Украинаның төл ақшасы 5 процентке құнсызданды. Тиісінше біз қаңтар айының соңында жанар-жағармай құю станцияларында бағаның көтерілгенін көрдік, осы аптада да  бензин мен дизель отынының литрі 1,5 гривнаға артады.

БЛИЦ: 

- Таңертең ғана бағаның өзгергенін көрдім. А 95 бензині 33 гривнадан 35 гривнаға дейін көтерілген.

- Бензин ғана емес, наннан бастап, бала жөргегінің бағасына дейін артып жатқаны байқалады. 

- Отын бағасының көтерілгенін бірден сездім, өйткені шығын артқан, ал айлық сол қалпында.

Базалық инфляция деңгейі Украинада 2021 жылы 10 процентті құрады. Бұл туралы  мемлекеттік статистика қызметі мәлімдеді. Ал жаңа жылдан бері Украинадағы дүкендерден мынадай жазбаны жиі кездестіресіз. Мұнда «ел экономикасы қиын жағдайда азық-түлік, коммуналдық төлем мен салық айтарлықтай көтерілді. Біз де кофе бағасын 3-7 гривнаға дейін арттыруға мәжбүрміз» деп жазылған. 

Александр Сиренко, мұнай нарығының сарапшысы:

- Энергия көздері мен мұнай өнімдеріне тәуелді тауарлардың бағасы бір орында тұрмайды, бұл заңдылық. Соңғы екі-үш айда дүкендердегі өнімдердің 10-20 проценті қымбаттап кеткен. Мұның бәрі қымбат энергия мен отынның салдары. Бұған Украинаның соғыс кезіндегі мүшкіл жағдайын қосыңыз.

Украина мен Ресейдің шекарадағы шиеленісі елдегі экономикалық жағдай мен саяси дағдарысты одан әрі ушықтырып отыр. Мәскеу мен Киев арасындағы салқын қабақтың салдарынан Украинаның қор нарығы 2022 жылдың қаңтар айында айтарлықтай құлдырады. Жалпы доллармен номинацияланған украиналық еурооблигациялар 2022 жылдың басынан бері орташа есеппен 8 процентке арзандады.

Аида Қыдырбай, Петр Борейко