Өзбекстандағы ескі шаһарлар ЮНЕСКО тізіміне енді

Өзбекстандағы ескі шаһарлар ЮНЕСКО тізіміне енді

Ташкент махаллалары ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. Бұл көршілес ел тарихындағы маңызды оқиға, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзбекстан ескі қала аудандарының мәдени бөліктерін сақтауға 2019 жылы кіріскен. Ондағы сәулет өнері мен тұрмыс салт, тәлім мен тәрбиені жаһандық деңгейде насихаттауға күш салды. Нәтижесінде махалла мәдениеті ЮНЕСКО тарапынан мойындалды. Енді мұндай елді мекендер урбанизациядан қорғалады. Инвестиция салып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге жол берілмейді. Тек көпқабатты үйлермен қатар орналасқан қышлақтарды жаңғыртып, тарихи сәулет өнері қалпына келтіріледі. Жоба туристер тартуға да сеп. Бұл жерде асарлату дәстүрі сақталған. Ол – хашар деп аталады. Той-думан жасалса, махалладағы жан түгел шақырылады. Өзбекстанда махаллалар 1993 жылы заңдастырылған. Әрбіріне ресми түрде төраға таңдалып, жергілікті мәселелерді шешуге міндеттелген. Мысалы, ажырасуға бел буған ерлі-зайыпты бірден ресми органға жүгірмей, алдымен махалла басшысына барады.

Абдулла Әлімжанов, махалла тұрғыны:

– Махалланың ЮНЕСКО тізіміне енгені қуантады. Өзім осы жерде туып-өскенмін. Бала кезімнен тәлім-тәрбиесін көріп өстім. Үлкендер жағы жастарға үлгі-өнеге көрсетеді. Ақсақалдар қандай да бір қиын жағдай болсын жұрт болып жұмылуға, бір-біріне көмек беруге үндейді. Ақыл-парасаттарын аямайды.