Қырғызстанда экологтар ауа сапасын бақылайтын қосымша жасап шығарды

Қырғыз елінің экологтары "Азия ауасы" деп аталатын ұялы қосымшаны жасап шығарды. Деректерді цифрлық сараптау арқылы онлайн түрде белгілі бір елді мекендегі ауа сапасын көруге болады. Бұл ұялы қосымша Қазақстанда да жұмыс істейді.

"Азия ауасы" қосымшасында Бішкек қаласының дені қызылға боялған. Ауадағы зиянды бөлшектердің үлесі жоғары аумақ осы түспен белгіленген. Одан кейін қызғылт-сары түсті аудандар тұр. Зиянды заттар мөлшері орташа жерлер сары түсті. Ал ауа сапасы тәуір аудандар жасыл түске боялған. Өкінішке орай, Бішкекте бір аудан ғана жасыл түсті. Оның өзінде ол қала шетінде орналасқан. Дегенмен, экологтар бұрынғы жылдармен салыстырғанда жағдай қазір біршама тәуір дейді.

Мария Колесникова, «MOVE GREEN» қоғамдық бірлестік директоры:

- Қайта биыл қыс жылы. Жұрт отынды әдеттегіден аз жақты. Алайда бұл жағдай жыл сайын қайталана бермейді, күннің райына қарап қалуға болмайды.

Ауаның ластануын бақылайтын ұялы қосымша атмосферадағы зиянды бөлшектердің мөлшерін азайтуға арналған ауқымды, жүйелі жоспардың бір бөлігі. Белсенділер бірнеше жыл бойы билік назарын осы мәселеге аударуға тырысып келеді. Ауаны автокөліктер және сапасы төмен көмірмен, ал кейде тіпті қолына түскен затпен пеш жағатын жер үйлер ластайды. Мәселені шешу үшін автокөліктерді біртіндеп экологиялық таза көлікке ауыстыруға болады. Бірақ жұртты жаппай көмір жағудан бас тартуға көндіру қиын.

Айзат Мырзахматова, пульмонолог:

- Астма және аллергиялық аурулар әсіресе қыс мауысымында жиі асқынады. Ауадағы зиянды қалдықтар адамның жоғары тыныс жолдарына әсер етеді. 

Энергия үнемдейтін технологиялар, жасыл экономика, жылу мен жарықтың балама көздері. Экологтар Бішкек әкімшілігіне біртіндеп жаңғыртылатын қуат көздеріне ауысуды ұсынып отыр. Тәжірибелік жоба ретінде қаладағы мектептердің бірінде ғимаратты жылытатын акваагрегатты құрылғы орнатылды. Оны жергілікті кәсіпорын жасап шығарған, ал жүйені орнатуға қаражат шетелдік ұйымдардан бөлінді. Мектеп басшылығының мәлімдеуінше, бұл қондырғы бірінші сыныптарға арналған асхананы толығымен жылытып, электр қуатымен қамтып отыр. 

Бакыт Чермашев