АҚШ-та халыққа қызмет көрсету саласындағы жұмысқа адам жетіспей жатыр

АҚШ-та 470 мың жаңа жұмыс орыны ашылды. Бұл туралы Еңбек басқармасы мәлімдеді. Алайда пандемиядан кейін халықтың жұмыс таңдаудағы талғамы мен талабы айтарлықтай өзгерген. Өйткені кейбір салаларда әлі де жұмыс күшінің тапшылығы байқалады.

Америка Құрама Штаттарында әр бір минут сайын 90 адам жұмыссыз қалады екен. Демек, бір айда 4 миллионға жуық тұрғын түрлі себептерге байланысты жұмыс орнымен қош айтысады деген сөз. Өткен айдың өзінде 4 млн 300 мың адам бос қалған.

Эрика Круз, блогер:

- Мен жұмыстан өз еркіммен кеттім. Себебі онда ойымдағы дүниелерді іске асыра алмадым. Алғашқыда жұмыстан кетуге жүрексіндім, бірақ қазір өз кәсібімді аштым.

Экономистердің айтуынша, жұмыстан шығып жатқандардың дені қызмет көрсету саласындағы мамандар. Тамақтану, бөлшек сауда, қонақүй мен тасымалдау секторынан бас тартудың басты себебі мардымсыз жалақы болып тұр.

Ник Бункер, жұмыс табуға арналған веб-сайттың маманы:

- Қазіргі таңда жұмыстан шығып жатқандардың саны рекордты көрсеткішке жетті. Себебі адамдардың жұмыс таңдаудағы талабы өзгерді.

Нью-Йорктегі тамақтану орындарына бара қалсаңыз, жұмысшы қажет деген хабарландырудан көз сүрінеді. Бірақ пандемияға дейінгі уақытпен салыстырғанда қазір тұрғындардың мұндай жерде жұмыс істегісі жоқ.

Иль Гатто Пардо, мейрамхана иесі:

- Жұмыс күшін тарту үшін не істемедік. Біріншіден, минималды еңбекақыны көтердік. Нью-Йорктегі ең төменгі жалақы сағатына 15 доллар, ал біз 18 долларға дейін өсірдік. Екіншіден, ақылы демалысқа шығуға рұқсат бердік. Және жұмысшылардың медициналық сақтандыруын өз мойнымызға алдық. Сондай-ақ жыл соңында сыйақы береміз дедік. Бірақ осының барлығына қарамастан жұмысқа деген сұраныс мүлдем артқан жоқ.

АҚШ билігі өткен айдың өзінде 500 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашып, еңбек нарығына қан жүргізген болатын. Бос орындардың басым бөлігі қызмет көрсету саласында дейді мамандар. Алайда халықтың аталмыш салағы оралуға құлқы жоқ. Десе де, қазір 6 жарым миллион американдық әлі де екі қолға бір күрек таппай жүр.

Талғат Алманов