Канадада ереуіл кесірінен көлік өндіру тоқтап қалды

Канадада ереуіл кесірінен көлік өндіру тоқтап қалды

Канадада жүк көлігі жүргізушілерінің ереуілі басылар емес. Салдарынан АҚШ-пен арадағы тауар айналымы төмендеді. Ол аздай наразылық акцияларына байланысты енді жергілікті көлік өндірісі де уақытша тоқтап қалды.

Билік шерушілерге 100 мың доллар айыппұл салып, бір жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздеп отыр. Жүк көлігі жүргізушілерінің ереуілі қаңтарда басталған еді. Оған биліктің коронавирусқа қатысты шектеу шараларын енгізуі себеп болды. Наразылық акциясының қатысушылары ел астанасы Оттавадағы жолдарды жауып тастаған. Осыған байланысты қалада төтенше жағдай жарияланды. Полицейлер 25 жүргізушіні қамауға алған. Тәртіпсіздіктерге байланысты 100-ден аса қылмыстық іс қозғалды.    

Джастин Трюдо, Канада премьер-министрі:

- Наразылық акцияларына қатысты жағдай күннен күнге ушығып барады. Егер осылай жалғаса беретін болса, жүргізушілер лицензиясынан айырылып, өзге елдерге шыға алмай қалады. Біз сіздердің коронавирусқа қарсы жаңа шектеу шараларына көңілдеріңіз толмайтынын түсіндік. Бірақ қазір істеп жатқандарыңыз дұрыс емес.

Канадалық жүргізушілерге өзге ел азаматтары да қолдау білдіріп жатыр. Наразылық акциялары Австрия, АҚШ, Жаңа Зеладия мен Францияда өтті. Ереуіл қатысушыларының талабы бір. Олар ковид-төлқұжаттарды алып тастауды талап етіп отыр.