Әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты теңгенің тағдыры не болады?

Мұнай қымбаттады. 2014 жылдың қыркүйегінен бері алғаш рет бір баррельдің құны 99 доллардан асып кетті. Нарыққа Ресей мен Украина арасындағы геосаяси ахуал әсер еткен. Кеше кешке Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин өзін өзі жариялаған Донецк және Луганск халық республикаларының тәуелсіздігін мойындады. Американдық GP Morgan банкінің сарапшылары ресейлік шикізат экспорты қысқарса, қара алтын құны 150 долларға дейін баруы әбден мүмкін дейді.

- Жалпы соңғы оқиғалар Қазақстан экономикасына әсер ете ме? Бұл туралы сарапшылар не дейді?

- Иә, әрине геосаяси ахуал бізге де әсер етеді. Өйткені соңғы оқиғаларға байланысты Ресейдің акциялар нарығы 10,5 процентке құлдырады. Дүйсенбі көрші елдің қор нарығы үшін сәтсіз күн болды.

Bloomberg: Рубль әлемдегі ең құбылмалы валюта

Ресей президентінің өзін өзі жариялаған Донецк және Луганск халық республикаларының тәулесіздігін мойындау туралы мәлімдемесінен кейін рубль күрт құнсызданды. Валютаның құбылмалылығы жөнінен қаңтарда рубль екінші орында еді. Көш басында түріктің лирасы болған. Алайда Путиннің мәлімдемесінен кейін Ресейдің ұлттық валютасы бірінші орынға шықты. Геосаяси ахуал мұнай нарығына да әсер етпей қоймады. Сөйтіп, Брент маркалы қара алтынның бір баррелінің құны 99 доллардан асып кетті. Бұл кейінгі 7 жарым жылда болмаған жағдай. Инвесторлар Батыстың санкциялары Ресейдің энергетикалық секторына ықпал етуі мүмкін, деп қауіптеніп отыр. Әлемдік мұнай нарығындағы Ресейдің үлесі 10 проценттен асады. Сондықтан сарапшылар шикізаттың экспорты қысқарса, қара алтын құны қымбаттауы заңдылық, дейді.

Кез келген валютаның бағамы мемлекеттердің акциялары мен индекстері секілді оны сататын, сатып алатын және оған инвестиция салатындарға байланысты. Егер қосымша сұраныс болса, баға өседі, ал жаппай сатылымға шығарылса, сәйкесінше баға төмендейді. Кеше рубль тағдыры дәл осындай сценарий бойынша өрбіді. 1 доллар 80 рубльге жетті. Бұл жағдай біздің ұлттық валютамызға да тікелей әсер етті. Қор биржасында 1 доллар 438 теңгеге сатылды. Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтың айтуынша, мұнай бағасының күрт қымбаттауы да теңгенің құлдырауын тоқтата алмады. Демек, Ресейге импорттық тәуелділік салдарынан төл валютамыз рубльге тікелей байланысты, дейді сарапшы.

Теңгенің тағдыры не болады?

Андрей Чеботарёв, қаржы сарапшысы:

- Теңге бағамы күн сайын валюта қорымен белгіленеді. Қазір ол әлсіреп жатыр. Оған мұнай бағасының өсуі де, жер қойнауын пайдаланушыларының ұлттық валютамен жүргізетін есеп-қисабы да әсер етпеді. Бұл өте маңызды факторлардың бірі. Менің ойымша, бізге мұнайға қарағанда рубль көбірек әсер ете бастады. Қазір барлық тетік Ұлттық банктің қолында. Ол интервенциялар арқылы валюта бағамын тұрақтандыра алатынын көрсетті. Банктің өзі бұл жайлы хабар таратпаса, біз ай соңына дейін ештеңе біле алмаймыз. Ал ай соңында Ұлттық банк есеп беруге міндетті. 

Экономистің айтуынша, қазақстандықтар үшін қазір шетелдік валютаны жаппай сатып алудың қажеті жоқ. Теңгенің алдағы уақыттағы тағдыры Ұлттық банк қабылдайтын шаралар мен геосаяси ахуалға тікелей байланысты. Ресейге салынуы мүмкін санкцияларға байланысты рубль де құбылады. Сәйкесінше теңгенің бағамы да өзгереді.

Ресейге қарсы қандай санкциялар салынуы мүмкін?

Би-Би-Си корпорациясының хабарлауынша, Батыс елдерінің Ресейге қарсы санкция салуының екі негізгі нұсқасы бар. Біріншісіне сәйкес, 2014 жылы қабылданған жазалау шаралары одан да күшейтілуі мүмкін. Мәселен, ресейлік шенеуніктер мен олигархтардың шетелдік есеп-шоттарының бұғатталуы ғажап емес. Екінші нұсқа жаңа санкцияларға қатысты. Мәселен, Ресей СУИФТ ақпарат беру және төлемдер жасаудың халықаралық, банкаралық жүйесінен шеттетіліп, долларлық транзакцияларға тыйым салынуы да ықтимал. Сарапшылар мұның салдары әлдеқайда ауыр болатынын айтады. Сонымен қоса шетелдің ақпарат құралдары АҚШ пен Еуроодақ ресейлік шикізаттың, соның ішінде энергия тасымалдаушылардың және қару-жарақ экспортын бұғаттау мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады. Бұған дейін Италия билігі Мәскеуге қарсы салынуы мүмкін санкциялар тізімінен энергетикалық секторды алып тастауды ұсынған. Өйткені Ресей одаққа негізгі газ тасымалдаушының бірі. Соңғы келіп түскен мәлімет бойынша Германия канцлері "Солтүстік ағын-2" газ құбырын сертификаттау тоқтатылатынын жария етті. Оның құрылысы 10 қыркүйекте аяқталған еді. Ресей мен Германияны жалғап тұрған газ құбыры Еуропаға тікелей көгілдір отынды тасымалдауға арналған.

Брюно Ле Мэр, Францияның қаржы министрі:

- Біз санкцияларды күшейту мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Владимир Путинге халықаралық құқықты бұзуға жол бермейміз. Алдағы күндері Еуроодақтағы әріптестерімізбен бірге соңғы жағдайлардың экономикаға кері әсерін азайту мәселесін қарастырамыз. Тиісті талқылаулар жұма не сенбіге белгіленуі тиіс. Басқосу Парижде өтеді. Оған Еуроодаққа мүше 27 елдің қаржы министрлері қатысады.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен дипломатиялық қатынастарды үзуге қатысты мәлімдеме жасады. Ол Киевте Эстония президенті Алар Кариспен өткен кездесуден кейінгі брифингте былай деді: «Маған Сыртқы істер министрлігінен Украина мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастарды үзу туралы сұрау келді. Баспасөз конференциясынан кейін мен бұл мәселені қарастырамын». Зеленскийдің айтуынша, өзін өзі жариялаған Донецк және Луганск халық республикаларын мойындау Ресейдің Украинаға одан әрі агрессия танытуына заңды түрде негіз болады. Бірақ Украинаға соғыс қаупі төнсе, елде әскери жағдай енгізуге уәде берді. Десе де, Зеленский соғыс болмайтынына сенім білдірді.

Владимир Зеленский, Украина президенті

 - Бұл Украинаға қарсы жасалып отырған агрессияның жаңа акциясы. Бұған біздің халықаралық серіктестеріміз табандылық танытып, шұғыл жауап беруі тиіс. Донецк пен Луганск халық республикаларын мойындау арқылы Ресей Федерациясы барлық екі жақты және көп жақты халықаралық міндеттемелерді бұзды. Бұл Ресей үшін Украинаға қарсы одан әрі әскери агрессия танытуына құқықтық негіз болады. Ресейдің Украинаға қарсы тағы бір агрессивті әрекет үшін шұғыл түрде Ресейге санкция салу керек деп келістік. Оның ішіне "Солтүстік ағын-2" газ құбырын толығымен жабу мәселесі де кіруі қажет.

Ресейге Донбастан келген босқындар саны 90 мыңға жетті. Көрші елдің төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің хабараулынша, олар Ресейге Ростов облысы арқылы келіп жатыр. Тұрғындарды эвакуациялау қалай жүріп жатыр? 

Дана Нұржан, тілші:

- Біз қазір М4 Дон федералды тас жолының 993-шақырымында тұрмыз. Бұл жерден 40 шақырым жерде өз-өзін республика деп жариялаған Лугансктың шекарасы орналасқан. Жол бойында шағын қонақүйлер мен хостелдер бар. Оларға Донбастан эвакуацияланған азаматтар жайғастырылып жатыр. Бұл дәл сондай қонақүйлердің бірі. Мұнда қазір Луганск қаласынан келген 39 адам тұрып жатыр. Оның 17-сі бала. Босқындардың бұл жерге келгеніне 4 күн болды. Біз солардың кейбірімен тілдесіп көрдік. Олардың дені Донбасс аумағында соғысып не әскери міндетін орындап жатқандардың отбасы мүшелері.

БЛИЦ:

- Байланыс бар, хабарласып тұрамыз. Үйдегі жағдайды қызым тұрақты дейді, ал достарым қауіп бар екенін айтады.  

- Үйден кеткім келмеген. Онда ата-анам бар. Қатты қорықтым, оны сөзбен жеткізе алмаймын. 

- Ұлым, туысым әскерилер. Олар аз уақытқа кету керек екенін айтты. Сосын оқ атыла бастады. Содан барып оларды тыңдау керек екенімізді түсіндім. 

- Эвакуацияланған азаматтар осында қала ма? Әлде басқа ойлары бар ма екен?

Бұл уақытша орналастыру бекетінде тамақ пен өмір сүру үшін босқындар ақы төлемейді. Барлығы алдағы уақытта үйлеріне қайтуды жоспарлап отырғандарын айтады. Өйткені онда жақындары қалған. Алайда бұл қолдарынан келе ме, жоқ па, әзірге белгісіз. Қазір Ресейдің өзге өңірлеріндегідей, Ростов облысында да босқындардың нөпіріне байланысты төтенше жағдай жарияланған. Осыған байланысты жедел штаб жұмыс істеп тұр. 

Валерий Шаповалов, Төтенше жағдайларды жою жөніндегі жедел штаб басшысы:

- Біз тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз. Келген адамдарға көмек көрсетіп жатырмыз.

- Олар мұнда қанша уақыт болады?

- Білмейміз. Оны нақты айта алмаймыз. Бірақ қанша уақыт болса да, оларға қажеттің көмектің брі көрсетіледі.

Дана Нуржан:

- Таңертең жарияланған мәліметтерге сәйкес, Ростов облысындағы 118 уақытша орналастыру пунктінде 7 мың босқын бар. Оның 3200-і бала. 11 мың азамат 14 теміржол пойызымен Ресейдің 11 өңіріне аттандырылған. Ал өткен тәуліктің ішінде өзін өзі жариялаған Донецк пен Луганск халық республикаларының 20 мыңға жуық тұрғыны шекара асыпты.

Ал соңғы мәлімет бойынша мемлекеттік дума өзін өзі жариялаған Донецк және Луганск халық республикаларымен "достық, ынтымақтастық және өзара көмек" туралы келісімді мақұлдады. Құжат Ресей әскерилеріне бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аталған өңірлердің аумағына кіруге рұқсат береді. Енді келісімді Федерация Кеңесі қарастырады.

Жұлдыз Атагельдиева