Украинада жалпыға бірдей мобилизация басталды

Владимир Зеленский Украинада жалпыға бірдей мобилизация басталғаны жайлы жарлыққа қол қойды. Бұған Ресей Федерациясының Украина аумағындағы әскери операциясы себеп. Бұл туралы Украина басшысының Ресми сайтында хабарланды.

Шара жарлық заңды күшіне енгеннен кейін 90 күн ішінде жүзеге асырылуы керек. Зеленский әскери міндетті азаматтар мен резервте тұрғандардың барлығы әскер қатарына шақыртылуы керек деді. Сондай-ақ Украинаның күштік құрылымдары мен әскерін қажетті заттармен қамтамасыз ету үшін көліктер тартылуы тиіс, деді. Сонымен қатар Зеленский НАТО-ға мүше елдер Украинаға қандай да бір кепілдік беруден бас тартқанын жариялады.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Бүгін мен 27 елдің көшбасшысынан Украина НАТО-ға кіре ме деп сұрадым. Біреуінен де нақты жауап алмадым. Ешкім бізге кепілдік берейін деп тұрған жоқ. Бірақ біз елімізді қорғауға дайынбыз. Ресеймен қауіпсіздік мәселесі жөнінде келіссөз жүргізуге қорықпаймыз. Дәл қазір біз НАТО-ға мүше емеспіз.