Еуроодақ пен АҚШ Ресей банктерін SWIFT жүйесінен ажыратады

Еуродақ, АҚШ және Канада Украинадағы әскери шиеленіске байланысты сакцияға ұшыраған Ресей банктерін халықаралық SWIFT жүйесінен айыруға келісті.

Бұл мәселе кейінгі күндері күн тәртібінен түскен жоқ. Әр елдің басшылары мұны ең қатал шешім деп қабылдағанымен Ресей тарапы бұдан Еуропаның өзі көп зиян шегеді дейді. Қаржы ұйымдарын бұл жүйеден айыру ақша айналымын тежеп, экономикалық шығын әкеледі.  

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

- SWIFT жүйесінен айырса Ресей банктері жаһандық деңгейде жұмыс істеуден қалады. Ресей экспорты мен импортында проблемалар туындайды. Екіншіден, біз Ресей орталық банкінің активтерін шектейміз. Бұл оның транзакциясын тоқтатады. Ақыр аяғында Ресей олигархтарының өз активтерін біздің нарықта қолдануына тыйым салуға қатысты жұмыстар жүргізетін боламыз.

ЕО Ресей ұшақтары үшін өз әуе кеңістігін жаппақ

Сонымен бірге Еуроодақ Ресей авиакомпанияларының ұшақтары үшін өз әуе кеңістігін жаппақ. Осыған дейін Ұлыбритания, Польша, Румыния, Словения, Чехия, Латвия, Литва және Эстония осындай шешім қабылдаған. Бұған Мәскеу де қарап қалмай, қарымта әрекет жасайтынын айтып, жауап қатқан. Сөйтіп, қазір Ресей де өз кеңістігін жауып үлгірді.