Украина аумағында сегіз қазақстандық дипломат бар

Украинадағы Қазақстан елшілігі отандастарымызды эвакуациялауды іске асырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы операцияға сәйкес, елшілік оларды автобустар арқылы алдымен Львов қаласына, сол жерден Польшаға жіберген. «Эйр Астана» компаниясының репатриациялық рейсі бүгін түнде іске асырылмақ. Сыртқы істер министрлігінің ресми мәліметі бойынша елге қайтаруға жәрдем сұраған қазақстандықтардан 60-дей өтініш түскен. Қазір Украина аумағында 8 қазақстандық дипломат бар. Олар күндіз отандастарымызды, елден шығару жұмыстарына атсалысып, жеке басының қауіпсіздігі үшін, кешкі мезгілде елшілік ғимаратының жертөлесінде түнеп жүр.

Қазақстан Украина мен Ресей арасындағы саяси-дипломатиялық және әскери шиеленіске, сондай-ақ украиналық дағдарыс төңірегіндегі ақпараттық арандатуға үлкен алаңдаушылық білдіріп отыр. Және біздің ел үшін өзін-өзі халықтық республика ретінде жариялаған ДНР пен ЛНР-ді тану мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ.  Аумақтық тұтастық пен дербестікті ұстанатын БҰҰ-ның қаулысы негізіндегі ережелерге сүйенеді. Сондықтан өзін-өзі тәуелсіз мемлекет ретіндегі жариялаған елдерді мойындамайды. Оған дәлел ретінде БҰҰ танымаған Қырым, Косово, Оңтүстік Осетия, Абхазия, Солтүстік Кипр мен Тайваньды атап өтуге болады.