Қарулы қақтығыс әлі де жалғасып жатыр – Украина

Украина аумағындағы қақтығыстың басталғанына бүгін төртінші күн. Ресей мен Украина әзірге келісім үстеліне отырған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зеленский қантөгісті тоқтату мақсатында Путинді келіссөзге шақырды. Бірақ Кремльдің Донбасс пен Украина болашағын Минскте талқылау жөніндегі ұсынысына  қарсылық білдірді.  Ресейдің әскери операция деп атаған әрекетін Украина соғыс деп қабылдады. Осыдан кейін Зеленский жаппай мобилизациялау туралы жарлыққа қол қойды. Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасты үзді. Қарулы қақтығыс әлі де жалғасып жатыр. Ел Президенті Владимир Зеленский Киевте. Барлық аймақ әскер бақылауында. Елден бас сауғалап, үдере қашқан жұрт жаппай көрші елдермен шекараға қарай ағылды.

Аида Қыдырбай, тілші:

– Дәл қазір Украина мен Польша арасындағы шекарада ұзын-сонар кезек. Елден ауа көшкендердің санында есеп жоқ. БҰҰ мәліметі бойынша украинаны осы күндер ішінде 150 000 адам тастап қашуға мәжбүр болды.

Украина мен Ресей шиеленісі шегіне жетті. ДНР мен ЛНР-ды дербес мемлекет деп танығаннан кейін бейсенбі күні Ресей Украинаға басып кірді. Мұны «Украинадағы Ресей әскерлерінің операциясы» деп атады. Оңтүстік, батыс, шығыс пен орталық оқтан дүр сілкінді. Оқ пен оттан оянған Украина тұрғындары басы ауған жаққа босып кетуге мәжбүр болды.

Ресми Киев есін тез жиды. Қарымта қақтығыстар әлі күнге дейін жалғасып жатыр. қарапайым халық, ана мен бала шаға, қарттар метро мен жер асты көлік тұрақтарына тығылды. Осы күнде метрода бала дүниеге келді. Мұны украин БАҚ-тары жариялады.

Украина билігі ер адамдарын жерін қорғауға шақырды. Қару-жарақ түрлері де үлестірілді. 18-ден 60 жас арасындағы Украина азаматтары елден шығарылмайтын болды. Дей тұрғанмен, елден қашып емес, соғысуға да ниет танытқан Украина азаматтары ұзын-сонар кезекте тұр. Мұны ІІМ кеңесшісі Антон Геращенко өзінің Facebook парақшасында мәлім етті.

– Аяқ астынан келе қалған сұм соғыс менің жеке өмірім мен жанұяма да мол кесірін тигізді. Қырғын басталғанда мен Киев емес Испанияның Барселона қаласында едім. Елге ұшақпен қайта алмай қалдым. Барселонадан автобуспен Польша шекарасыа дейін 35-40 сағат жол жүруге тура келді. 7 жасар қызым Киевтегі атыс кезінде жертөледе тығылды. Қазір елдің батысында мені, анасын күтіп отыр. Әзірге балама әлі жеткен жоқпын, жолдамын.