Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс қашан және қалай басталды

2013 жылдың қараша айында сол кездегі Украина президенті Виктор Янукович Еуроодақпен қауымдастық жөнінде келісімге қол қоюдан бас тартты. Мұның орнына Ресеймен ынтымақтастық ауқымын кеңейтпек болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда халық бұл шешіміне қарсылық білдірді. Бірнеше айға созылған наразылық саяси дағдарысқа әкеліп, 2014 жылдың ақпан айында билік майдандағы шерушілерді тарату үшін күш қолданған. Ашынған халық үкіметтік ғимараттарды басып алды. 21 ақпанда Виктор Янукович елден кетіп, Жоғары Рада оны лауазымынан айырып, уақытша билікті тағайындады. Ресей билігі мұны бүлік деп сипаттап, Украинаның жаңа үкіметін мойындаған жоқ. Бұрынғы президент Виктор Янукович басқарған Өңірлер партиясының ықпалы зор Қырым республикасы мен елдің шығыс аймағында наразылық басталып кетті. 23-27 ақпан аралығында Қырымдағы атқару билік органдары ауысып, жаңа әкімшілік Украина билігін мойындаудан бас тартты. Соңынан Ресей билігінен экономикалық және әскери көмек сұрады. Халықаралық қауымдастықтың қысымына қарамастан Қырым билігі Ресей қолдауына сүйеніп, қысқа мерзімде референдум ұйымдастырады.  Дауыс беру нәтижелері бойынша 17 наурызда Қырым республикасының дербестігі жарияланып, келесі күні ол Ресей құрамына кірді.

Кеңес Одағы кезінен бері Қырымда Ресейдің әскери-теңіз базасы орналасқан еді. Жасыл адамдар деп аталған мұздай қаруланған сарбаздар түбектегі Украинаның әскери бөлімдерін қоршауға алып, референдум қантөгіссіз өтті. Ал елдің шығысында жағдай ушығып, қарулы қақтығысқа ұласып кетті. Алғашында Украина әскері өзін-өзі жариялаған Донецк және Луганск халық республикалардың басым бөлігін өз бақылауына алды. Алайда жаздың соңында майдандағы жағдай өзгеріп, сепаратистер қарымта шабуылға шығып, біраз жерін қайтарып алды. Украина билігі бұл жетістігін Ресейдің әскери басқыншылығымен түсіндірді. Тіпті тұтқынға түскен Ресей жауынгерлерін көрсетті. Алайда Кремль мұны теріске шығарып, бұл сарбаздардың адасып, Украина аумағына кіргенін алға тартты.

Жалпы 2014-2015 жылдары өткен әскери қимылда 15 мыңдай Украина азаматы қаза болды. Ақыры халықаралық қауымдастықтың арағайындығымен жауласқан тараптар атысты доғарып, Минск келісімдеріне қол қойды. Оған сәйкес Украина билігі шығыс өңірлерге ерекше мәртебе беріп, бұл аймақта сайлау өткізуі керек. Сондай-ақ, Ресеймен шекараны өз бақылауына алуға тиіс болған. Алайда осы уақытқа дейін бұл келісімдер орындалған жоқ. Әрқайсысы бұған бір-біріне кінә тағып отыр. Ресми Киев өзі бақылап отырмаған аумақта сайлау өткізу мүмкін емес деп, алдымен шекара қайтарылуы керек дейді. Ал өзін-өзі жариялаған республикалар алдымен ерекше мәртебе беруін талап етіп отыр. Минск келісімдері бейбітшілік орната қоймаса да, сол кезден бері жағдай біраз тынышталды. Тараптар дүркін-дүркін атысып отырды. Бірақ ауқымды әскери қимылдар болған жоқ. Тек өткен жылдың соңында Украина төңірегіндегі жағдай шиеленісіп кетті. Ресей бұл елмен шекарада зор әскери күш шоғырландырып, батыс елдердің барлау қызметтері Кремль Украинаға қарсы басқыншылық дайындап жатқанын ескертті. Өз кезегінде Ресей билік өкілдері өз аумағымызда әскерімізді қайда орналастыратынымыз дербес ісіміз деп, көрші елді шабуылдауды көздемейтінін үнемі мәлімдеп жүрген. Дегенмен Батыспен қауіпсіздік мәселесін талқылауға дайындығын білдіріп, бірқатар талап қойды. Негізгі шарты Украина мен Грузияға НАТО ұйымына кіруге жол бермеу болған. Владимир Путин Джо Байден және өзге батыс елдердің басшыларымен келіссөздер өткізді. Ресей сыртқы және қорғаныс министрлері де батыс әріптестерімен кездесулер өткізді. Алайда Батыс дербес мемлекеттерге не істеу керектігін бұйыра алмаймыз деп Кремль қойған талаптарды орындаудан бас тартты.  Ал 22 ақпанда Владимир Путин Донецк және Луганск халық республикаларының дербестігін мойындады.

Владимир Путин, Ресей президенті:

– Украинада НАТО елдерінің оқу-жаттығу миссиялары орналасқан. Оларды шетелдік әскери базалар деп айтуға да болады. Киев баяғыдан НАТО-ға қосыламыз деп жүр. Әрине қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін әр ел өзі таңдауға құқылы. Бірақ сонда да халықаралық құжаттарда көрсетілгендей, қауіпсіздік тең дәрежеде сақталуы қажет.

Владимир Путин аталған аймақтарға әскери көмек көрсетіп және қажет жағдайда Донбасқа әскер кіргізетінін мәлімдеді. Сондай-ақ Путин «Украина Ресеймен қарым-қатынасын жақсарту үшін Қырымдағы референдум нәтижесін мойындауы тиіс» деген шарт қойды. Көп ұзамай 24 ақпанда сағат таңғы бесте Ресей Украинаға әскери қимыл бастады. Владимир Путин мұны соғыс емес, арнайы әскери операция деп атап, оның мақсаты Украинаны қарусыздандыру және ұлтшылдардан арылту деп жариялады.

Авторы: Бекболат Тұрмаханов